Фото: Ақорда
2025 жылғы 20 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан билігінің тізгінін ұстағанына алты жыл толды. 2019 жылы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатқаннан кейін мемлекет басшылығы Тоқаевқа өтті. Бұл кезең ел тарихындағы саяси сабақтастық пен өзгерістер қатар жүрген күрделі уақыт ретінде есте қалды, деп хабарлайды Ult.kz.Алғашқы жылдары Қасым-Жомарт Тоқаев өзін транзиттік кезеңдегі президент ретінде көрсетті. Ол бұрынғы саяси жүйенің ішінде жұмыс істей отырып, басқару стилінде бірқатар өзгешеліктер енгізуге тырысты. Қоғаммен диалог орнату, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы сол кезеңде негізгі ұранға айналды.
Алайда биліктің шынайы трансформациясы 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін басталды. Елдегі жаппай тәртіпсіздіктер мен саяси дағдарыс басқару жүйесінің әлсіз тұстарын ашып көрсетті. Осы оқиғадан кейін Тоқаев саяси реформаларға батыл қадам жасады: суперпрезиденттік модельден бас тарту, Конституцияны өзгерту, президент өкілеттігін бір реттік жеті жылмен шектеу секілді шешімдер қабылданды.
Кейінгі жылдары елде парламенттің рөлі күшейіп, партиялық жүйе жаңартылды, мәслихаттар мен әкімдерді сайлау тетіктері өзгерді. Экономикада да құрылымдық реформалар қолға алынып, ұлттық қор қаржысын пайдалану тәртібі қайта қаралды. Әлеуметтік салада ең төменгі жалақы мен жәрдемақылардың өсуі қоғамдағы басты талаптардың бірі ретінде күн тәртібінде қалды.
Алты жыл ішінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың билігі бірнеше кезеңнен өтті: сабақтастық, дағдарыс, қайта форматтау және реформалар. Бұл уақыт аралығы ел үшін оңай болған жоқ, дегенмен Қазақстанның саяси жүйесі бұрынғыдан ашық әрі бәсекелі болуға бет бұрды.
Алдағы жылдары басталған реформалардың нақты нәтижесі мен олардың қоғам өміріне ықпалы басты сын болмақ. Тоқаевтың алты жылдық билігі — Қазақстанның жаңа саяси кезеңге өту жолындағы маңызды белес ретінде бағалануы мүмкін.
