Фото: Ақорда
Астанада әлемнің ең беделді дін көшбасшыларының қатысуымен өткен Съезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысушыларға алғыс білдіріп, жаһандық сын-қатерлер жағдайында диалог пен келісімнің маңызын атап өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Президенттің айтуынша, бүгінде халықаралық ахуал ушығып, қақтығыстар көбейіп келеді. Сондықтан Съезд – бейбітшілікті сақтап, өркениеттер арасындағы өзара түсіністі нығайтуға арналған бірегей алаң.
«Дін басшыларын гуманистік көзқарастарды ту еткен Бейбітшілік елшілері деп айтуға болады. Сіздер ортақ мүдде үшін бірігіп, әлем жұртшылығын игі мақсат жолында жұмылдыруға ниет білдіріп отырсыздар. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы съездің 2033 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатқанын және оның қорытынды декларациясы БҰҰ Бас Ассамблеясында таралатынын айтты.
Қазақстан Президенті елдегі этносаралық және дінаралық келісім үлгісіне тоқталып, «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатының маңызын атап өтті. Ол Қазақстандағы діни және тарихи ескерткіштердің, қасиетті орындардың мемлекет қорғауында екенін ерекше айтты.
Фото: Ақорда
Сонымен қатар Тоқаев әлемде өркениеттер қақтығысы туралы пікірлер белең алып отырғанын еске салды.
«Әсіреұлтшылдық пен жалған патриотизмнің күн санап белең алуы алаңдатпай қоймайды. Қалыптасқан түсініктердің көз алдымызда өзгеруі жастарды адастырады. Бір жағынан біз құқықтық консервативті және либералды идеологиялардың қақтығысына куәміз. Бұл бірқатар елді саяси тұрақсыздыққа әкеледі. Қазақстанда осы тектес жаһандық проблемаларға жіті назар аударылады. Бұл – ішкі саясатымыздың негізгі өзегі. Түрлі этнос, дін және ұлт өкілдері арасында толеранттылық пен өзара құрмет саясатын жүргізу маңызды деп санаймын. «Бірлігіміз – әралуандықта» ұстанымына зиян келтіріп, оған күйе жаққысы келетін, соның ішінде мемлекеттік қызметте және қоғамдық орында елімізді тұрақты мекен ететін халықтардың тілін еркін қолдануға қарсы әрекеттерге қатаң тосқауыл қойылады», – деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы соңғы жылдары Қазақстанда жүргізілген саяси реформаларға тоқталды. Атап айтқанда, Конституциялық соттың құрылуы, омбудсмен институтының нығаюы, президентті жеті жылға бір рет сайлау тәртібі және жақын туыстарға саяси лауазым атқаруға тыйым салу нормасы енгізілгенін атап өтті.
«Заң және тәртіп» қағидаты негізінде елімізде қоғам тұрақтылығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты міндет болып қала береді», – деді Тоқаев.
