01 қыр, 2020 сағат 10:25

Тоқаев: Аграрлық секторға инвестиция тарту қажет

Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуі тиіс. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқына Жолдауын жария еткен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына енгізілген мораторий күшін жояды. Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ, Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуі тиіс. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет. Кәсіби мамандардың тапшылығы, сонымен қатар аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауы - осы саладағы қордаланған мәселелер», - деді Мемлекет басшысы. 

ҚР Президентінің атап өтуінше, осы бағытта атқарушы билік тарапынан нақты шаралар қабылдануы керек, 

«Технологиялық тұрғыдан ескірген суғару жүйесі үлкен кедергі келтіріп отыр. Судың 40 пайызы далаға кетіп жататын кездер болады. Онсыз да су тапшылығы зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайды. Осы саланың нормативтік-құқық тұрғыдан реттелуін қамтамасыз етіп, заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.