20 жыл ішінде заңды түрде не ары, не бері шықпаған көп әйел алу мәселесі соңғы уақытта діни сипат алып, тіптен өзектене түсті. Теріс діни ағымды ұстанғандар молда алдына барып, қаншалықты тез некелессе, соншалықты көп "талақ" айтып жүр.
Ал Түрікменстан президенті Гурбаноғлы Бердімұxамедов қол қойған осы елдің неке туралы кодексіне "Түрікменстанда көп әйел алуға жол берілмейді" және де көп әйел алғандар болса, айыппұл төлейді немесе екі жылға дейін түзеу жұмыстарына жегіледі деген өзгерістер енгізілді.
"Төрт-бесеуді қойып, тоғыз, он әйелге бір-ақ кетті"
Мәжілістің бесінші шақырылымында депутат болған жазушы, қоғам қайраткері Алдан Смайыл өзінің экс-әріптестері бұл мәселеге тыйым салуды былай қойып, керісінше, көп әйел алуды заңдастырайық деген ұсыныспен келгенін айтады.
"Түрікмендердің ондай заң қабылдағаны өте дұрыс деп есептеймін. Парламент мәжілісінің төртінші шақырылымында кейбір депутаттар "Неке туралы" кодексті қарағанда, осы екі әйел, төрт әйел алуды заңдастырайық деген ұсыныс берген болатын. Сол кезде мен қарсы шықтым. Өйткені біз діннен бөлек зайырлы мемлекетпіз. Бұл бір.
Екіншіден, ата-бабамыз бір әйел, екі әйел, үш әйел алса, ол сол кездің жағдайына сәйкес мүмкін болған дүние. Жаугершілік заман болды, балалар көп шетінеп кетіп жатты, ер адамдар соғыста көп өлді, ұлтты сақтап қалу керек болды. Бірақ бұның бәрі қазіргі заманда жоқ. Қазір біз өркениетті Еуропа елдерімен қарым-қатынас орнатқаннан кейін, өзімізді қайтадан жабайыландыруға болмайды. Мен мұны мәдениетсіздіктің, надандықтың, топастықтың белгісі дер едім.
Үшіншіден, осыған (көп әйел алуға – авт.) жел беріп жүрген діни ағымдардың өкілдері, салафиттер, уахабшылдар деп ойлаймын. Олардың арасында мүйізі қарағайдай азаматтар бар. Төртеу, бесеуді былай қойып, сегіз, тоғызға дейін кетіп жатыр. Қоғам бұны көріп отыр, біліп отыр. Мәселе, міне, соларға заңды түрде тыйым болмай отырғандығында", — дейді Алдан Смайл.
"Көп әйел алғандарды сөге алмаймын, түсіністікпен қараймын…"
Ал Мәжілістің қазіргі депутаты Құралай Қарекен болса, көп әйел мәселесін қабылдай да алмайтынын, бірақ қарсы да шыға алмайтынын айтып, нақты бір пікірге тоқтай алмады. "Мен кеңес үкіметінде тәрбие алған ұрпақпын ғой. Мен көп әйел дегенді қабылдай да алмаймын, бірақ қарсы шыға да алмаймын.
Мен бұл мәселені түсінбеймін. Мүмкін әзірге заң қабылдамай қоя тұру керек шығар", — деген депутат "көп әйел алуға заңды түрде тыйым салу керек пе, жоқ па?" деген сұрағымызға не "иә" демеді, не "жоқ" демеді.
"Қазір АХАЖ бөлімінен кейін жастар неке куәліктерін алып, мешітте неке қидырады. Бұл, әрине, керек. Яғни, отбасыны рухани жағынан бекіте түсетін дүние. Бірақ, көп әйел алу дегенді мен түсіне алмаймын. Бәлкім әрбір жағдайға әртүрлі қарау керек шығар. Кейбір отбасы балалы бола алмай жатады дегендей. Мен бұл мәселе төңірегінде ойланып жүрмін. "Неге ата-бабамыз көп әйел алды деген мәселені" зерттеу керек. Менің ойымша, қазіргідей бір әйелмен отбасы құрып, мешітте неке қидыру керек. Ал көп әйел алуды әлі қабылдай алмайтын сияқтымын. Бірақ, әрине, түбегейлі қарсымын деп те айта алмаймын. Көп әйел алғандарды сөге алмаймын, тек түсіністікпен қарайтын шығармын", — дейді депутат Құралай Қаракен.
Көп әйел алуға қатысты заң жобасына кім бастамашы болу керек?
Алдан Смайыл көп әйел алуға тыйым салу туралы заңды Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі де, депутаттар да бастамашы болып, мінберге шығарады дегенге күдікпен қарайтынын айтты.
"Дін істері министрлігінде де көп әйелі бар азаматтардың жүргенін білемін. Олар қашан қозғалып, бұл мәселені қашан көтеретінін білмеймін. Ал, депутаттарға тоқталсақ, бір мысал келтірейін. Біз (төртінші шақырылымдағы бір топ депутат – авт) балаларды зиянды ақпараттан қорғау туралы заң жобасын жазып, екі палатадан өткізіп тұрған жерімізде гейлерге, яғни, қызтекелерге қарсы шыққанымыз үшін Конституциялық кеңеске жіберіп, заңды қабылдатпай тастағандар бар. Яғни, гейлерден аса алмай қалды. Сонда Қазақстан Республикасы гейлердің көңіліне қарап, керек заңды тоқтатып тастады. Соған сенесіз бе? Енді ол заңды қазіргі шақырылымдағы депутаттар сенатқа жіберді. Бірақ ішінде бір жынысты некелерге қарсы шығу туралы әңгіме жоқ. Бұны айтып оытрған себебім – көп әйел мен біржынысты некелерді заңмен тоқтатпайынша, біз, қоғам рухани тазара алмаймыз. Рухани жаңғыру үшін рухани тазаруымыз керек. Рухы таза емес адам қалай жаңғырады!?
Гейлерді қолдаған биліктегі қызтекелер болып шықты
Алдан Смайыл парламент мәжілісінде екі-үш депутат бірігіп, неке туралы кодекстің бір-екі бабына ғана өзгеріс енгізсе болды, Қазақстанда көп әйел алуға заң түрінде тыйым салынады дейді.
"Ол көп қиындық келтірмейді. Бірақ, ондай өзгерістерді депутаттар енгізетін болса, қызтекелерді қорғаштағандай, жоғарыдан қарсы шығатындар табылатыны анық. Сізге шынымды айтайын, гейлерге қарсы заңымызды қабылдатпай, қарсы шыққан билікте отырған гейлер болып шықты" дейді қоғам қайраткері.
Екінші әйел алуға заңды түрде тыйым салу асыра сілтеу болады
Ал "Нұр-Мүбәрек" мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы қазақ қоғамына дәл қазір мұндай заңның қажеті жоқ дейді.
"Жоқ, қажет емес деп ойлаймын. Біріншіден, бұл ата-дәстүрімізге, діни қағидаттарға қарсы заң болады. Сондықтан, мұндай асыра сілтеу керек емес деп ойлаймын. Әр түрлі теріс діни ағым өкілдерінің некеге қатысты қиғаш әрекеттеріне тыйым салу үшін мұндай асыра сілтеудің қажеті жоқ. Ондай заң шығатын болса, үлкен мінбеде отырған екінші жары бар біраз азамат та жауапқа тартылады ғой (күлді).
Біз онсыз да аз халықпыз. Қаншама отырып қалған қыздарымыз бар, қаншама жесір әйелдеріміз бар. Егер бірінші әйелін көндіріп, екі шаңырақтың басын тең ұстап, жағдайы жетіп тұрса, неге біздің мықты азаматтарымыз екінші әйел алып, бір қарындасымызды отбасы бақытына бөлемеске!? Бір қаракөзімізді жат елге күйеуге тиюден сақтап қалмасқа?! Абай, Шәкірімдер осы екінші жардан туған асылдарымыз емес пе!?, — дейді имам.
Қайрат Жолдыбайұлының айтуынша, бұндай заңды қабылдау болашағымызға балта шапқанмен бірдей болады.
"Бірақ, бұл мәселені кішкене реттеу керек. Қазақстанда қазір мұндай некелер біздің елде тек ресми дін өкілдерінің қатысуымен мешіттерде қиылады. Бізде рұқсат деп ашық айтылмаса да тыйым салған заң жоқ. Екінші әйел алуға заңмен тыйым салынса, қоғамның теріс реакциясын тудырады. Болашағымызға балта шапқан боламыз. Ресми түрде рұқсат берудің де, ресми түрде тыйым салудың да қажеті жоқ", — дейді ол.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Орта Азия елдерінің арасында бірінші болып 1998 жылы парламентте көп әйел алу мәселесін заңдастыру керек деген мәселені көтерген. Бірақ, депутаттар бұл норманы мақұлдамаған.
2001 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы "Отбасы және неке" туралы заңға өзгеріс енгізіп, көп әйел институтын заңдастыруды ұсынған. Алайда, бұл бастама тағы да депутаттар тарапынан қарсылық тапты. 2008 жылы парламент мінберінде көп әйел алуға рұқсат беру туралы құжат үшінші мәрте қаралса да, қабылданбай қалған еді.