foxnews.com видеосынан алынған кадр
Атлант мұхитында жарылған «Титан» сүңгуір қайығында болған OceanGate компаниясының бас директоры Стоктон Раштың әйелі - «Титаникте» қаза тапқан жолаушылардың бірінің тікелей ұрпағы, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА Fox News арнасына сілтеме жасап.
Раш – 18 маусымда өз компаниясына тиесілі «Титан» сүңгуір кемесімен «Титаник» қалдықтарын көруге аттанған бес жолаушының бірі. Оның әйелі Венди Раш – Исадор мен Ида Штраустың шөбересі, олар 1912 жылы Атлант мұхиты арқылы саяхаттау кезінде айсбергке соғылып, суға батып кеткен алып кеме «Титаниктегі» 1500-ден астам адамның арасында болған. «Титаник» суға батып бара жатқанда ерлі-зайыпты Штраустар кемеде қалуға шешім қабылдайы.
«Экипаж әйелдер мен балаларды құтқармақ болған кезде Ида Штраус құтқару қайығына отырудан бас тартқан», - дейді олардың шөбересі Пол Курцман Fox News-ке берген сұхбатында.
Фото: Getty Images
Джеймс Кэмеронның 1997 жылғы «Титаник» блокбастерінде олардың махаббат тарихы (төсекте қол ұстасып жатқан қарт ерлі-зайыпты) көрініс табады.
Венди мен Стоктон Раш 1986 жылы үйленген. LinkedIn платформасындағы парақшасында көрсетілген ақпаратқа қарағанда Венди OceanGate компаниясында байланыс директоры болып жұмыс істейді. Ол бұған дейін OceanGate қорының президенті қызметін атқарған.
Еске салайық, 61 жастағы Стоктон Раш өзге 4 адаммен бірге мінген «Титан» батискафының экипажы жексенбі күні Атлант мұхитының түбіне сегіз сағаттық сүңгуге аттанған болатын.
Шамамен 1 сағат 45 минуттық сапардан кейін сүңгуір қайық канадалық «Полярный принц» зерттеу кемесімен байланысын үзді. Ауқымды іздестіру-құтқару операциясы Ньюфаундленд (Канада) жағалауында жергілікті уақыт бойынша 17:40 шамасында, «Титан» су бетіне шығуы тиіс болғаннан кейін шамамен үш сағат өткен соң басталды.
Күні кеше АҚШ жағалау күзеті Солтүстік Атлант мұхитында жоғалып кеткен «Титан» сүңгуір қайығын іздестіру аймағынан әлдебір жүзу құралының жарықшақтары мен сынықтары табылғанын хабарлады. Бортта болған бес адам да қаза тапқан.