Фото: Freedom Group
Тимур Турлов Қазақстан шахмат федерациясын басқарады. Бұл туралы осыған дейін федерация президенті қызметін атқарған Ғалым Құсайынов Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
"Мен Тимур Турловқа шахмат федерациясын басқаруға және шахматты жүйелі дамытуды жалғастыруға келісім бергені үшін ризамын. Тимурдың мүмкіндіктерін, стратегиялық көзқарасын біле отырып, оның осы федерацияға келуімен Қазақстанда шахматтың дамитынына сенімдімін. Тимурды Шахмат федерациясының президенті болып сайлануымен құттықтап, табыс және мүмкіндігінше көп жеңіс тілеймін!", - деп жазды Құсайынов.
Айта кетейік, Ғалым Құсайынов Қазақстан шахмат федерациясын 2022 жылдың мамырынан бері басқарған.
Ал Freedom Holding Corp негізін қалаушы және негізгі иесі Тимур Турлов 2022 жылдың мамырында Forbes нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең бай жетінші адам атанған. Оның байлығы 2,2 миллиард долларға бағаланады.
Сондай-ақ Турлов 2022 жылдың маусымында Ресей азаматтығынан бас тартып, Қазақстан паспортын алды.