Тимур Сүлейменов Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің жұмысын күшейту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ҰЭМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен ағымдағы жылғы 7 қарашада Ақордада өткізілген Қауіпсіздік кеңесінің ТКШ саласындағы тариф түзілуіне арналған отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Министрліктің және Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің басшылығымен жұмыс мәжілісін өткізді.
Министр Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне нақты мерзім ішінде, оның ішінде заңнама нормаларын түзетуді көздейтін жедел іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Сондай-ақ, Комитетке жұмыс тәсілін өзгерту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу және аумақтық департаменттермен өзара іс-қимылды бақылауды күшейтуді міндеттеді.
Мәжіліс қорытындысында, Тимур Сүлейменов тариф белгілеуді реттеу, бақылау және қадағалау жүйесі бойынша жүргізілген жұмыстардың сапасын арттырудың, ТКШ саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін талдауды жүргізудің қажеттігін атап көрсетті.