14 қар, 2016 сағат 16:29

Тілшілер қаламды қаруға айырбастады

Өңірдің бір топ журналисі Ұлттық ұлан сапында күні бойы әскери өмірдің қызығы мен шыжығына куә болды. Қала сыртындағы оқу-жаттығу алаңында алыс қашықтыққа жүгіріп, қару-жарақ түрлерімен танысты. Нысанаға оқ атып, мергендіктерін де сынап көрді. 

Журналистер таң бозынан 5518 әскери бөліміне жиналды. Үстеріне су жаңа әскери форма киіп, сапқа тұрды. Оқу-жаттығу алаңына шықпас бұрын Ұлттық ұланның "Шығыс" өңірлік қолбасшысы орынбасары, полковник Рашид Ахметжанов қауіпсіздік ережелерін қазақ, орыс тілдерінде бірдей түсіндірді. Арасында ағылшыншаны да қосты. Өйткені нағыз әскери адам үшін қанша тіл білсе де артықтық етпейді. Рашид Ахметжановтың да ұстанымы осы. Оқу-жаттығу алаңында ережелер түсіндірілгеннен кейін тілшілер әскери КамАЗ-ға мініп, полигонға аттанды. Аюдай ақырған көлік қасат қарды жарып өтіп, тау-тастың арасына жетіп тоқтады. Мұнда жете салысымен журналистер қаламдарын қаруға айырбастап, бір қатарға сап түзеді. Темірдей тәртіптің шет жағасы осы жерде-ақ байқалған. Командирдің бұйрығын мүлт еткізбей орындап, оңға, солға бұрылды, бірінші-екіншіге саналды. Содан кейін алыс қашықтыққа жүгіріп, бойларын қыздырды. Аяқтарына қырқыншы өлшемдегі берцы киген қыздар да қалысқан жоқ, керісінше қазақ қызына тән қайсарлық көрсетті. Барлығы бірдей командирдің бұйрығымен жеңіл-желпі дене жаттығуларын жасады. 

Бұдан соң тілшілер қауымы ішкі әскердің қару-жарақтарымен танысты. Қаз-қатар тізілген қарулардың ішінде елімізде жоқ винтовка түрлері де кездеседі екен. Бүгінде бұл қару түрі «Бүркіт» арнайы жасағында ғана бар көрінеді. Соның өзінде отты қарулар шектен шыққан жағдайда ғана қолданылады. Құдай сақтасын, бірақ қылмыс орын ала қалса, арнайы жасақ алдымен пневматикалық қаруларды қолға алады. Бұл адам денесіне жара түсіргенімен, өміріне қауіп келтірмейді. Ал атауы құпия күйінде сақталған қарудың атылған оғы брондалған техниканы, бетон қабырғаларды тесіп өтуге қауқарлы. 
- Ұлттық ұлан сарбаздары білекті ғана емес, білімді, мәдениетті болуы тиіс. Сарбаздарымыз - біздің қоғамның айнасы. Олар қоғамға кедергі келтірмей, қоғамдық тәртіп сақтай алады. Техниканың тілін біледі. Ал мынандай қару түрлерін барлығы қолдана алғанымен, арнайы дайындықтан өтетін сарбаздарымыз бар, - дейді полковник Рашид Ахметжанов.

Қару түрлерімен танысқаннан кейін, журналистер АК-74 автоматын белгіленген уақытта бұзып, қайта жинады. Михаил Калашников құрастырған бұл қару 1949 жылы Кеңес Одағының қарулы күштеріне қабылданған екен. Бұл қарудың бір ерекшелігі, бұзып қайта жинауды жоғары сынып оқушылар да тез меңгеріп алады. Ал оқу-жаттығу алаңында аталмыш автоматты бұзып, қайта құрауда видеооператор Аслан Төлепов алдына жан салмады. Ал ату алаңында мүлт кеткен біреуі болмады. Құралайды көзге атардай мерген бәрі. Нәзік жандылардың өзі 300 метр қашықтықтағы нысанаға дөп тигізіп жатты. Отан қорғауға сақадай сай. Айналдырған бір күн ішінде осыншама тәжірибе жинаған журналистер бір жыл әскер қатарында болса, айбынды сарбаздар шығар ма еді?!

- Азғана уақыт ішінде қаншама әскери терминдер үйрендік, жаттығу алаңында жүгірдік. Бұрын-соңды көрмеген қару түрлерімен таныстық. Әскери өмір өте қызықты көрінді маған, - дейді тележурналист Меруерт Расулова. 

Бір күндік әскери өмірдің куәсі болған журналистер әскери дастарқанға жайғасып, сарбаз ботқасынан дәм татты. Темір ыдыс, темірдей тәртіп дастарқан басында да. Жаттығу алаңында күштерін сарп етіп келген сарбаздар әп-сәтте тамақтанып ала қойды. 

«Шығыс» өңірлік қолбасшысы орынбасары, полковник Рашид Ахметжановтың айтуынша, журналистер арасында дәл осындай жаттығу жұмыстары көктемде тағы ұйымдастырылмақ. Бірақ бір күн емес, екі-үш күн полигон алаңында жаттығу жоспарда бар. 


Мерей Қайнарұлы, "Дидар" газеті