30 мау, 2019 сағат 12:51

Тілеухан: Қаншама қанды мойнына жүктегеніне шімірікпеген Әбіләзовтің бір сөзінде бәтуә жоқ

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Nur Otan» партиясының "Biz birgemiz!" бейбіт митингінде айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алдымен Тәуелсіздіктің қадірін, Елбасының ерен еңбегін айтқан депутат Әбіләзовтің өзінің қылмыскер екенін мойындағанына назар аударды.

«Әбіләзов Парижде түрмеден шыға салып мойындады. Оны соттаған Қазақстан емес, Еуропа. Ал оны сотқа берген Украина мен Ресей. Грузия да оған берген атағын «ондай алаяққа беретін атағымыз жоқ», деп қайтарып алды. Сол алаяқ «ақшасын төлеп, қырғыз революциясын қолдан жасаған менмін. Оны Қазақстанға әсер ету үшін әдейі істедім», деді. Сол төңкерістен қаншама адам босып кетті, қаншама қан төгілді, қаншама отбасы зарлап қалды? Сонда да осыншама қанды мойнына жүктеп жатқанына шімірікпей, «осындай революцияны мен жасаттым», деген адамның сөзіне иланып, сенуге болмайды», – деді Б.Тілеухан.

Сондай-ақ ол революциямен арманына жеткен ел жоқ екенін тілге тиек етіп, халықты Қазақстаннан ұрлаған ақшасын Қазақстанның қасіретіне жұмсап жатқан адамның сөзіне ермеуге шақырды.

Митингіде сөз алған тағы бір Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова Елбасының салып береген сындарлы жолын кім-көрінгеннің көзіне тәрк етпеу керектігін айтып, жастар тәрбиесін күшейту қажеттігін сөз етті.

«Жастарымызды ертең айтаққа ермей, ешкімнің қолжаулығы болмайтындай етіп тәрбиелеу әр отбасыға сын. Мен анамын! Анаға ең бірінші не керек? Бірінші, тұрақтылық керек. Балаларымыз алаңсыз өмір сүретіндей тыныштық керек. Сондықтан да тыныштығымыз бен тұрақтылығымыз үшін барлығымыздың да ер қайысатын жүкті көтеретін сәтіміз келді. Біздер бірін бірі көре алмайтын емес, бірін бірі көрмесе тұра алмайтын қазақ болуымыз керек, ағайын!», – депутат ханым.

Айта кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан қаласында елдің арасына іріткі салып жүрген арандатушылардың қитұрқы әрекеттеріне қарсы халық бейбіт шеруге шықты. Қаладағы «Жерұйық» саябағына жиналған 1500-ден астам азамат тәуелсіздігіміздің тамырына балта шабатын жалған ұрандарымен елдің іргесіне сызат түсіруді көздейтін арам пиғылды Әбіләзов сияқты керітартпалардың әрекеттеріне қарсы өз ойлары мен пікірлерін ашық айтты.