Фото: newtimes.kz
TikTok желісінде Александра есімді қыз тікелей эфир барысында қазақ тілі туралы дөрекі пікір айтып, оны үйренудің қажеті жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz NewTimes.kz-ге сілтеме жасап.Бұл оқиға 2023 жылы болғанымен, бейнежазба әлеуметтік желілерде тек қазір кең тарап, вирус секілді таралып кетті. Ескі кадрларды Мейрам есімді қазақстандық өз парақшасында жариялаған. Онда жасөспірімнің құрбысымен бірге тікелей эфир өткізіп, қазақ тіліне қатысты балағат сөздер айтқаны көрінеді. Ер адамның айтуынша, қыздың аты – Саша, ол Көкшетау қаласынан шыққан. Эфир кезінде одан «неліктен қазақ тілін білмейсің?» деп сұрағанда, Саша:
«Мен оны білмеймін және үйренгім де келмейді. Мен ол тілде сөйлеспеймін, алло, естіп тұрсыздар ма? Қазақстанда тұрып жатқан әр адам қазақ тілін білуге міндетті емес. Маған ол қажет емес, мен тек орыс тілінде сөйлеймін. Кімге керек болса – сол үйренсін. Мен қазақ тілін күні-түні оқып отыруға міндетті емеспін», – деп жауап берген.
Қыз сонымен қатар өзінің барлық ортасы, соның ішінде жігіті де орыс тілінде сөйлейтінін айтып, қазақ тілін қолданудың өзіне қажеттілігі жоқ екенін түсіндірген.
Редакция бұл оқиға бойынша Көкшетау қалалық полиция департаментіне сауал жолдады. Соттың баспасөз қызметі мәлім еткендей, сол кезде жасөспірім әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеген.
«Ол кезде кәмелетке толмаған, жергілікті оқу орнының (колледждің) студенті болған. Біз оны әкімшілік жауапкершілікке тарттық – айыппұл салынды. Қазір ол кәмелет жасына толды және колледжді тәмамдады», – деді ведомствоның баспасөз хатшысы.
Еске сала кетейік, Қазақстанда ұлттық белгілер бойынша қорлау, соның ішінде әлеуметтік желілерде де, Қылмыстық кодекстің 174-бабы («Әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру») бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
Мысалы, биылғы жазда Қарағанды облысында кәсіпкер Алика Мұхамедиева қазақтар мен қазақ тіліне қатысты қорлайтын сөздер айтқаннан кейін дауға қалған болатын. Кейін оны "ұлтаралық араздықты қоздыру" күдігімен уақытша ұстау изоляторына қамаған. Қазір оның ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр, ал прокурорлар 4,5 жыл бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.
