Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов менингиттен вакцинациялауға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Нормативтік-құқықтық базамызға сәйкес, вакцинация бойынша шешімді жұқпалы арулар бойынша ұлттық координациялық консультативтік комитеті шығарады. Отырыс бір апта бұрын өткен, оған инфекционистер мен эпидемиологтар енді. Олар вакцинация енгізу мәселесін қазір ерте және менингит бойынша вакцинация жүргізуді ұлттық күнтізбеге енгізуге қажеттілігі жоқ деген шешім шығарды. Бұл тиімсіз әрі шығыны көп шара болар еді. Менингитке қарсы жаппай вакцинациялауды бастаудың қажеті жоқ, оның көмегі болмайды. Себебі, ол тек екі үш айдан кейін нәтиже бере бастайды. Ал бізде бұл инфекция бүгінде жүріп жатыр, сондықтан қайталап айтамын, оның көмегі болмайды. Жалпы, бізде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сай барлық шаралар қолға алынып, жүргізілуде. Төтенше жағдай жоқ", - деп мәлімдеді министр.
Одан бөлек, ол ауру жұқтырғандардың саны орташа-бақылаудағы деңгейде екенін айтты.
Е. Біртановтың айтуынша, менингокк бактерияларының түрлері үшін көптеген вакциналар бар. Жалпы, олардың екеуі пайдаланылып келеді, қазіргі кезде оның ішінде біреуі Қазақстанда тіркелген.
Министрдің атап өтуінше, вакциналарды тіркеу фармацевтикалық компаниялардың өтінімі бойынша іске асады. Қажет болған жағдайда, бұл препараттар бірден кіргізіліп, вакциналау басталады. «Ауруға шалдығудың екі кезеңі бар. 100 мың тұрғынға шаққанда аптасына үш оқиға тіркелсе, штабтарды құру басталады.
Бүгінде бізде бұл деңгей екі есеге төмен. Яғни біз профилактикалық, алдын алу шараларын ерте бастадық. Вакциналау мәселесі 100 мың адамға шаққанда аурудың 10 оқиғасы тіркелген кезде көтеріледі. Сәйкесінше, ауруға шалдығу деңгейі жеті есеге төмен. Сондықтан вакциналау шаралары бойынша мәселе көтерілген жоқ», - деді Е. Біртанов.
Сонымен қатар, бұған дейін ведомство басшысы жыл басынан бері менингит жұқтырған 58 науқастың 12-сі көз жұмды деп хабарлаған болатын.
Айта кетейік, менингит жұқтырған ең бірінші науқас сәуірдің 30 күні тіркелген.