Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ресейдің қауіпсіздік қызметімен атыс кезінде екі қазақстандықтың көз жұмғанын растады, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше көз жұмғандардың қазақстандықтар екені және олардың Ресейге шыққаны расталып отыр.
«Көрсетілген факті бойынша ҰҚК сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. Тексеріс ынтымақтастық арнасы аясында Ресей ФҚҚ-мен тығыз байланыста жүзеге асырылуда. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес жария етуге жатпайды», – делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін БАҚ беттерінде Ресейдің федералды қауіпсіздік қызметімен атыс кезінде екі қазақстандықтың көз жұмғаны туралы ақпарат тараған еді. Олар Мәскеудегі синагогада теракт ұйымдастырмақ болды деген күдікке ілінген. Тінту кезінде қазақстандықтар болған үйден қару-жарақ тәркіленді.