Фото: ktf.kz
Простеев қаласында (Чехия) 14 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан командалық әлем чемпионатының (2022 ITF World Junior Tennis Finals) ширек финалында қазақстандық жасөспірімдер Словения құрамасымен ойнайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Словениямен матч 4 тамыз күні елорда уақыты бойынша шамамен 14:00-де басталады.
Қазақстан құрамасының капитаны Сергей Квактың айтуынша, қазақстандық жасөспірімдер әлем чемпионаты барысында табысты өнер көрсетіп келеді.
«Мен өз шәкірттеріммен мақтанамын. Эквадормен ойын әлем чемпионатындағы алғашқы матч болғандықтан, қазақстандық жасөспірімдер толқуды бастан кешіріп, есе жіберіп алды. Содан кейін Аргентина мен Италия сияқты аса мықты командаларды ұтып, ширек финалға жолдама алды. Бұл – тарихи жеңіс», - деді С. Квак.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен әлем чемпионатында қазақстандық жасөспірімдердің алғаш рет ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Топтық бәсекеде Италиямен өткен матчта Сергей Квактың шәкірттері әлем чемпиондарын 3:0 есебімен тізе бүктірді. Үшінші, жұптық кездесуде Дамир Жалғасбай мен Даниэль Тазабеков қарсыластарынан 6:1, 6:3 есебімен басым түсті.