Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Елена Рыбакина Штутгарт (Германия) WTA 500 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Рыбакина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 224-орында тұрған, жарысқа арнайы шақырту алған германиялық Настасья-Мариана Шункпен шеберлік байқасты.
Қарсыластар бұған дейін кездеспеген еді.
Өткен аптада елордада Қазақстан – Германия матчында Лаура Зигемунд пен Анжелика Керберді ұтқан Рыбакинаға бұл жолы да олардың отандасы тап келді.
Бірінші партияда 19 жастағы неміс спортшысы 4:2 есебімен алға шыққанымен, қазақстандық теннисші таразы басын теңестірді. Тай-брейкте Рыбакина басымдық танытты – 7:6 (7:3).
Екінші сетті Елена брейкпен бастады – 2:0. Алайда матчқа доп бергенде, Шунк брейк жасап кетті – 5:5. Дегенмен Рыбакина сол бойда қайтадан брейкке қол жеткізді – 6:5. Содан кейін мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 7:5.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық теннисші 3 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыласы 3 эйс, 2 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.
Рыбакина жүлде қоры 703 580 АҚШ долларына бағаланған доданың ширек финалына шығу үшін әлемнің 3-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосамен таласады.
Штутгарт жарысының өткен жылғы жеңімпазы, аустралиялық Эшли Барти биыл спорттық мансабын аяқтағандықтан, турнирде жаңа чемпион анықталмақ.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 51-ракеткасы Юлия Путинцева Ыстанбұл WTA 250 турнирінде бақ сынайды. Ол бастапқы кездесуін рейтингте өзінен алты саты төмен тұрған Польша өкілі Магда Линетпен өткізеді.