Қазақстанның бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Елена Рыбакина Рим WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстандық теннисші екінші кездесуін дүниежүзілік рейтингте 102-орында тұрған америкалық Лорен Дэвиспен өткізді.
Бұл олардың спорттық жолындағы өзара бірінші бәсекесі еді.
Бірінші партияда Рыбакина 4:1 есебімен алға кеткенімен, қарсыласы таразы басын теңестірді – 4:4. Дегенмен Елена тағы бір брейк жасап, сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:4.
Екінші сетте қазақстандық теннисші 3:0 есебімен алға кетті. Содан кейін осы басымдылығынан айырылған жоқ – 6:3.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған матч барысында Рыбакина 6 эйс жасап, 4 брейк-пойнтты түгел пайдаланды. Қарсыласы 2 брейктен (8 брейк-пойнт) аса алған жоқ.
Рыбакина жүлде қоры 2,5 млн еуродан асатын доданың ширек финалына шығу үшін әлемнің 6-ракеткасы, чехиялық Каролина Плишкова немесе рейтингте 29-сатыдағы швейцариялық Хиль Белен Тайхманның біреуімен таласады.
Бүгін сондай-ақ, Юлия Путинцева Римде әлемнің 10-ракеткасы, испаниялық Гарбинье Мугурусамен ойнайды.