13 нау, 2022 сағат 21:11

Теннис: Жас қазақстандық Словакиядағы турнирдің абсолютті чемпионы атанды


Қазақстандық Заңғар Нұрланұлы 14 жасқа дейінгі теннисшілер арасында Словакиядағы Tennis Europe сериясы бойынша екінші санаттағы Baseline Open U14 2022 турнирінің абсолютті чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жекелей сынның финалында 13 жасар қазақстандық спортшы үш сеттік тартысты матчта Словенияның осы жастағылар арасындағы бірінші ракеткасы Зиго Шешконы 3:6, 6:2, 7:6 (7:1) есебімен ұтты. 

Матч екі сағат жарым уақытқа созылды. 

Қазақстанның жас жұлдызы осылайша спорттық жолындағы бесінші, биылғы екінші титулына қол жеткізді.

Кеше Заңғар жұптық сында З.Шешкомен бірге финалда қытайлық Янхонг Ли – чехиялық Ян Растицаны 6:2, 7:5 есебімен жеңген еді. 

«Жеңістен кейін босаңсуға уақыт жоқ, кішкене демалып, Португалияда өтетін супер жарысқа бармақшымын. Сосын ел құрамасы сапында Үндістанға аттанамын, онда жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына іріктеу матчтары өтеді. Қазақстан намысын алғаш рет қорғау үлкен жауапкершілікті жүктейді, ол өмір бойы есімде қалатын болады», деді Заңғар Нұрланұлы.