Қазақстандық Зарина Дияс Ноттингем (Ұлыбритания) WTA 250 турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Әлемнің 93-інші, осы доданың 16-ракеткасы З.Дияс жарысты бірден екінші айналымнан бастап, дүниежүзілік рейтингіде 151-орында тұрған аустралиялық Лизетт Кабрерамен кездесті.
Бірінші партияда брейк жасаған аустралиялық теннисші сол басымдығынан айырылған жоқ – 6:4.
Екінші сетте есеп 1:1 болған мезетте Л.Кабрера тағы бір брейк жасап кетті. Дегенмен Зарина сол бойда таразы басын теңестірді – 2:2. Есеп 4:3 болғанда, тағы бір брейкке қол жеткізді – 5:3. Содан кейін сетке доп бергенде, мүмкіндігін пайдалана алды – 6:3.
Үшінші, шешуші партияда есеп 2:2 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасап, өз геймін де ала білді – 4:2. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4. Тартысты бәсеке 2 сағат 9 минутқа созылды.
Зарина Дияс жүлде қоры 235 мың АҚШ долларынан асатын жарыстың ширек финалына шығу үшін әлемнің 46-ракеткасы, қытайлық Чжан Шуай немесе рейтингіде 169-сатыдағы тағы бір аустралиялық Арина Родионованың біреуімен таласады.
Теннисшілер үшін Уимблдон турнирі қарсаңындағы дайындық кезеңі болып саналатын Ноттингем додасы 13 маусымда мәреге жетеді.