Қазақстандық, әлемнің 89-ракеткасы Зарина Дияс Мадрид WTA 1000 турнирінің негізгі жарысына өте алмады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
З.Дияс іріктеу сайыстарының финалында дүниежүзілік рейтингте 137-орында тұрған украиналық Катерина Козловамен шеберлік байқасты.
Бірінші партияны украиналық теннисші өз есебіне жаза білді – 6:4.
Екінші сетте есеп 2:2 болған мезетте К.Козлова брейк жасап кетті. Ол матчқа доп бергенде, Зарина қос бірдей брейк-пойнтын пайдалана алмады. Екінші партияда да есеп 6:4-пен бітті.
Бәсеке 1 сағат 28 минутқа созылды.
Осылайша К.Козлова 29 сәуірде басталатын Мадридтің негізгі турниріне жолдама алды. Онда Қазақстаннан Елена Рыбакина, Юлия Путинцева және Ярослава Шведова өнер көрсетеді.