Қазақстандық Зарина Дияс Чикаго WTA 125 турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Дүниежүзілік рейтингте 106-орында тұрған қазақстандық теннисші алғашқы кездесуін әлемнің 79-ыншы, осы жарыстың 5-ракеткасы, америкалық Мэдисон Бренглмен өткізді.
Бірінші партияда тай-брейкте корт иесі сәтті ойнай алды – 7:6 (7:2). Есесіне екінші сетте Зарина қарымта қайтарды – 7:6 (7:5).
Үшінші, шешуші партияда З.Дияс жеңісті жұлып алды – 6:4.
Бәсеке аса тартысты өтіп, 2 сағат 41 минутқа созылды.
Матч барысында қарсыластар эйс жасаған жоқ. Зарина 22 брейк-пойнттың 9-ын пайдаланды. Бренгл 15 брейк-пойнттың 8-ін өз есебіне жазды.
З.Дияс ширек финалға шығу үшін рейтингте 117-сатыдағы италиялық, 34 жастағы тәжірибелі теннисші Сара Эрранимен таласады.