Әлемнің 43-ракеткасы қазақстандық Юлия Путинцева Страсбург (Франция) WTA 250 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Путинцева бастапқы кездесуін әлемнің 59-ракеткасы, швециялық Ребекка Петерсонмен өткізді.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші 6:4 есебімен басым түссе, екіншісінде швециялық спортшы есе қайырды – 6:3.
Үшінші, шешуші сетте матч тағдыры тай-брейкте шешіліп, онда Путинцева жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:2).
Қарсыластар 3 сағат 21 минутқа созылған аса тартысты бәсекеде өз есептеріне 9 брейктен жазды.
Путинцева екінші айналымда ширек финалға шығу үшін әлемнің 53-ракеткасы, швейцариялық Жиль Белен Тайхманмен күш сынасады.
Тағы бір қазақстандық, дүниежүзілік рейтингте 93-орында тұрған Зарина Дияс осы додада әлемнің 57-ракеткасы, франциялық Каролин Гарсияға 5:7, 2:6 есебімен есе жіберді.