21 қыр, 2021 сағат 23:02

Теннис: Юлия Путинцева Острава турнирін жеңіспен бастады


Қазақстандық Юлия Путинцева Острава (Чехия) WTA 500 турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлемнің 49-ракеткасы Ю.Путинцева алғашқы кездесуін рейтингте өзінен бір-ақ саты жоғары тұрған қытайлық Чжан Шуаймен өткізді. 

Бірінші сетте қытайлық спортшы әбжілдік танытты - 7:5. 

Есесіне екінші партияда қазақстандық теннисші тай-брейкте жеңісті жұлып алды - 7:6 (9:7). 

Үшінші, шешуші сетте Путинцева брейк жасап, сол басымдылығын сақтай алды - 6:4. 

Аса тартысты өткен бәсеке 3 сағат 25 минутқа созылды. Матч барысында Путинцева 2 эйс жасап, 20 брейк-пойнттың жетеуін өз есебіне жазды. Эйс жасамаған қарсыласы да 7 брейкке (22 брейк-пойнт) қол жеткізді. 

Ю.Путинцева екінші айналымда әлемнің алтыншы, осы доданың 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен кортқа шығады. 

Жүлде қоры 565 мың АҚШ долларынан асатын Острава жарысы 26 қыркүйекте аяқталады. 

Қазақстанның бірінші, әлемнің 16-ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы айналымда ресейлік Вера Кудерметовамен кездеседі.