18 там, 2021 сағат 10:28

Теннис: Рыбакина Цинциннати турнирінің екінші айналымына өтті


Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы, Токио Олимпиадасының жартылай финалисі Елена Рыбакина Цинциннати WTA 1000 турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда рейтингте 186-орында тұрған 37 жастағы аустралиялық US Open турнирінің 2011 жылғы жеңімпазы Саманта Стосурмен кездесті. 

Қарсыластар шілде айында Токио Олимпиадасында ойнап, онда Рыбакина 6:4, 6:2 есебімен тізе бүктірген болатын.

Бұл жолы бірінші партияда қазақстандық спортшы брейк жасап, сол басымдылығын сақтап қалды – 6:3.

Рыбакина екінші сетті де брейкпен бастап, алға кетті – 2:0. Ақыры матчты жеңіспен тәмамдады – 6:3.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында қазақстандық теннисші 8 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыласы 3 эйспен шектелді. Ол брейк жасай алған жоқ.

Рыбакина екінші айналымда әлемнің 16-ракеткасы, бельгиялық Элиза Мертенспен шеберлік байқасады. Ол бастапқы кездесуінде рейтингте 38-сатыдағы аргентиналық Надя Подоросканы 6:3, 6:4 есебімен ұтты.