Қазақстанның бірінші, әлемнің 16-ракеткасы Елена Рыбакина Острава (Чехия) WTA 500 турнирінің жартылай финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Е.Рыбакина ширек финалда әлемнің алтыншы, осы жарыстың 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен ойнады.
Бірінші партияда әуелі поляк қызы алға шыққанымен, қазақстандық теннисші таразы басын теңестірді. Тай-брейкте Швентектің жолы болды - 7:6 (7:5).
Екінші сетте ол 5:1 есебімен алға ұзап кетті. Осыдан кейін Рыбакина брейк жасағанымен, одан әріге шамасы жетпеді - 2:6.
Бір сағат 41 минутқа созылған кездесуде Швентек 1 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Елена 2 эйс, 2 брейкке қол жеткізді.
И.Швентек финалға шығу үшін әлемнің 12-інші, доданың 4-ракеткасы, грекиялық Мария Саккаримен таласады. Ол ширек финалда чехиялық Тереза Мартинцовадан айласын асырды - 7:5, 6:3.
Тағы бір қазақстандық Анна Данилина жұптық сында белоруссиялық Лидия Морозовамен бірге ширек финалда турнирдің 2-ракеткалары, үндістандық Саня Мирза - қытайлық Чжан Шуайға есе жіберді - 3:6, 6:3, 6:10.