Қазақстанның бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Елена Рыбакина Мәскеудегі Кремль кубогы WTA 500 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жарыстың 7-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 35-орында тұрған чехиялық Маркета Вондроушовамен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда есеп 4:4 болған мезетте чехиялық спортшы тағы бір брейк жасап, сосын сетті өз пайдасына шешті – 6:4.
Екінші сетте де есеп 4:4 болғанда, Рыбакинаның қателігін пайдаланған Вондроушова брейк жасап кетті. Сосын матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.
1 сағат 23 минутқа созылған матч барысында Е.Рыбакина 2 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың жартысын пайдаланды. Қарсыласы 2 эйс, 4 брейкке (11 брейк-пойнт) қол жеткізді.
М.Вондроушова жүлде қоры 565 мың АҚШ долларынан асатын доданың ширек финалына шығу үшін рейтингте 145-сатыдағы украиналық Леся Цуренкомен таласады.