22 мау, 2021 сағат 22:01

Теннис: Рыбакина Истбурн турнирінің екінші айналымына шықты


Қазақстанның бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Елена Рыбакина Истбурн (Ұлыбритания) WTA 500 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 141-орында тұрған ұлыбританиялық Хэрриет Дартпен өткізді. 

Бірінші партияда Е.Рыбакина сенімді ойнай білді - 6:2.

Екінші сетте Х.Дарт брейкпен алға шыққанымен, Елена таразы басын теңестірді. Бірақ тай-брейкте Дарттың жолы болды - 7:6 (7:5).

Үшінші, шешуші партияда Рыбакина жеңісті жұлып алды - 6:4.

Тартысты бәсеке 2 сағат 20 минутқа созылды.

Матч барысында Е.Рыбакина 22 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Қарсыласы үш брейкпен шектелді.

Е.Рыбакина жүлде қоры 565 мың АҚШ долларынан асатын доданың ширек финалына шығу үшін әлемнің 5-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинамен таласады. Ол дәл осындай тартысты кездесуде әлемнің 33-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосаны ұтты.