15 нау, 2022 сағат 09:45

Теннис: Рыбакина Индиан-Уэллсте Аустралияның екі дүркін чемпионын жеңді


Қазақстанның бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Елена Рыбакина Индиан-Уэллс WTA 1000 турнирінің төртінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда кезінде дүниежүзілік рейтингте көш бастаған, қазір әлемнің 15-ракеткасы, Аустралия ашық чемпионатының екі дүркін чемпионы, осы жарыстың өткен жылғы финалисі, Беларусь өкілі Виктория Азаренкомен шеберлік байқасты.

Қарсыластар бұған дейін кездеспеген еді.

Рыбакина сағат жарымнан астам уақытқа созылған матчта 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Екінші сетте Азаренко медициналық көмекке де жүгінді.

Қазақстандық теннисші 5 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Беларусь спортшысы 3 эйспен шектелді.

Рыбакина жүлде қоры 8,4 млн АҚШ долларына бағаланған доданың ширек финалына шығу үшін әлемнің 51-ракеткасы, швейцариялық Виктория Голубичпен таласады. Ол осы жарыстың екінші айналымында тағы бір қазақстандық Юлия Путинцеваны ұтып кеткен еді.