17 там, 2021 сағат 11:53

Теннис: Путинцева Цинциннати турнирін жеңіспен бастады


Қазақстандық Юлия Путинцева Цинциннати WTA 1000 турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әлемнің 36-ракеткасы Ю.Путинцева бірінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 51-орында тұрған қытайлық Чжан Шуаймен кездесті.

Небәрі 46 минутқа созылған матчта қазақстандық теннисші айқын басымдылық көрсетіп, 6:2, 6:0 есебімен жеңіске жетті. Ол бәсеке барысында 2 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы 1 эйспен ғана шектеліп, брейк жасай алған жоқ.

Бұл спортшылардың өзара кездесулеріндегі есеп теңесті – 2:2.

Ю.Путинцева екінші айналымда әлемнің 6-ракеткасы, чехиялық Каролина Плишковамен шеберлік байқасады. К.Плишкова осының алдында Канадада өткен Монреаль турнирінің финалына дейін жетіп, соңғы бәсекеде италиялық Камила Джорджиге 3:6, 5:7 есебімен есе жіберген болатын. 

Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы айналымда рейтингте 186-сатыдағы аустралиялық Саманта Стосурмен кортқа шығады. Елена тәжірибелі қарсыласын Токио Олимпиадасында ұтқан болатын.

Жүлде қоры 2,1 млн АҚШ долларынан асатын Цинциннати додасы 22 тамызда мәреге жетеді.