Қазақстандық, әлемнің 44-ракеткасы Юлия Путинцева Порторож (Словения) WTA 250 турнирінің ширек финалына өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Доданың 2-ракеткасы болып тіркелген Ю.Путинцева екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 171-орында тұрған ұлыбританиялық Кэти Бултермен кездесті.
Қазақстандық теннисші бірінші партияда басымдылық көрсетті – 6:3.
Екінші сетте де Путинцева 2:0 есебімен алға кетті. Содан кейін есепті 5:1-ге жеткізді. Ақыры тағы бір брейкпен бітірді – 6:1.
1 сағат 12 минутқа созылған матч барысында қазақстандық теннисші 1 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы бір ғана брейкті қанағат тұтты.
Ю.Путинцева жүлде қоры 190 мың АҚШ долларына жуықтайтын жарыстың жартылай финалына шығу үшін рейтингте 167-сатыдағы италиялық Лючия Бронцеттимен таласады. Ол екінші айналымда әлемнің 90-ракеткасы, америкалық Бернарда Пераны 2:6, 6:3, 6:3 есебімен тізе бүктірді.