Қазақстандық Юлия Путинцева Парижде Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Дүниежүзілік рейтингте 43-орында тұрған Ю.Путинцева алғашқы айналымда әлемнің 26-ракеткасы, Тунис өкілі Онс Жабермен кездесті.
Бірінші партияда О.Жабер 7:5 есебімен басым түсті.
Тунис теннисшісі екінші сетте тіпті бет қаратпады – 5:0. Бұдан кейін қазақстандық спортшы қатарынан екі гейм алғанымен, О.Жабер матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2.
Бәсеке 1 сағат 19 минутқа созылды.
Осылайша Франция ашық чемпионатында Қазақстаннан жекелей сында Елена Рыбакина мен Зарина Дияс қалды.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 22-ракеткасы Е.Рыбакина екінші айналымда рейтингте 82-сатыдағы жапониялық Нао Хибиномен шеберлік байқасады. Ал З.Дияс әлемнің 15-ракеткасы, бельгиялық Элиза Мертенспен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шыққанын, Александр Бубликтің әлемнің екінші ракеткасына есе жібергенін жазған болатынбыз.