Қазақстандық, әлемнің 43-ракеткасы Юлия Путинцева Индиан-Уэллс (АҚШ) WTA1000 турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ю.Путинцева екінші айналымда отандасы, әлемнің 16-ыншы, осы жарыстың 13-ракеткасы Елена Рыбакинамен кездесті.
Бұған дейін екеуі өткен жылы Рим додасында ойнап, онда Ю.Путинцева 4:6, 7:6 (7:3), 6:2 есебімен жеңіске жеткен еді.
Бұл жолы да Путинцева басымдылық көрсетті. Бірінші сетте 6:2 есебімен ұтса, екіншісінде тай-брейкте әбжілдік танытты – 7:6 (7:5).
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсекеде эйс жасамағанымен, Путинцева 14 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Рыбакина 3 эйс жасап, 2 брейкке (4 брейк-пойнт) қол жеткізді.
Ю.Путинцева үшінші айналымда әлемнің 29-ракеткасы, латвиялық Елена Остапенкомен шеберлік байқасады.