01 қаз, 2021 сағат 20:38

Теннис: Путинцева Astana Open турнирінің финалына шықты


Қазақстанның екінші, әлемнің 47-ракеткасы Юлия Путинцева Astana Open WTA 250 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген Ю.Путинцева жартылай финалда әлемнің 86-ракеткасы, швециялық Ребекка Петерсонмен шеберлік байқасты.

Р.Петерсон осы дода барысында тағы бір қазақстандық Зарина Диястан айласын асырып кеткен болатын.

Бұл жолы бірінші партияда Юлияның басымдылығы айқын байқалды – 6:2.

Ю.Путинцева екінші сетте де 3:1 есебімен алға кетті. Тағы бір брейк – 4:1. Матчқа доп бергенде, Петерсон брейк жасап, есепті қысқартты – 3:5. 

Дегенмен қазақстандық теннисші матчты жеңіспен түйіндей білді – 6:4

Ю.Путинцева финалда әлемнің 89-ыншы, осы доданың екінші ракеткасы, бельгиялық Элисон Ван Эйтванкпен бас жүлдені сарапқа салады. 

Ол жартылай финалда дүниежүзілік рейтингте 126-орында тұрған румыниялық Жаклин Кристианды 6:3, 6:3 есебімен тізе бүктірді. 

Осылайша жүлде қоры 235 мың АҚШ долларынан асатын Astana Open турнирінің алғашқы чемпионы белгілі болмақ.