Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы алғаш рет Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгін Қазақстан мен Германияның бірінші ракеткалары Елена Рыбакина мен Анжелика Кербер өз елінің намысы үшін сынға түсті. Бұл олардың өзара алғашқы кездесуі еді.
«Үлкен дулыға» турнирінің үш дүркін чемпионы, әлемнің бұрынғы бірінші, қазіргі 17-ракеткасы, 34 жастағы Кербердің тәжірибесі мол екендігі белгілі. Одан рейтингте екі саты төмен тұрған Рыбакинаның жасы 22-де ғана.
Бірінші партия барысында жетінші геймде германиялық теннисші брейк жасап кетті – 4:3. Сосын осы басымдылығынан айырылған жоқ – 6:4.
Екінші сетте Кербердің қателігінен кейін Рыбакина алға шықты – 2:0. Партияны да өз пайдасына шешті – 6:3.
Үшінші, шешуші сетті қазақстандық теннисші брейкпен бастағанымен, қарсыласы сол бойда теңестіріп үлгерді – 1:1. Тағы да брейк алмасу – 3:3. Бұдан кейін Кербер матчқа доп бергенде, Рыбакина қайыра брейк жасады – 4:5. Содан кейін қарқынын бәсеңдеткен жоқ – 7:5.
Тартысты өткен бәсеке екі сағаттан астам уақытқа созылды. Осылайша Қазақстан есепті 3:0-ге жеткізіп, Билли Джин Кинг кубогының (командалық әлем чемпионаты) финалдық кезеңіне жолдама алды.