Қазақстанның бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Елена Рыбакина Майами WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жүлде қоры 8,3 млн АҚШ долларынан асатын ірі жарыстың 17-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші доданы екінші айналымнан бастады.
Е.Рыбакинаға әлемнің 57-ракеткасы, румыниялық Елена Габриэла Рузе қарсы тұрды.
Қос теннисшінің бұл өзара алғашқы кездесуі еді.
Бірінші партияда қазақстандық спортшы басымдылық танытты – 6:4.
Екінші сетте румыниялық спортшы тағы бір брейк жасағанымен, Е.Рыбакина таразы басын қайта теңестірді. Ақыры матчты тағы бір брейкпен тәмам қылды – 7:5.
Қазақстандық теннисші 1 сағат 45 минутқа созылған бәсеке барысында 7 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың алтауын мүлт жібермеді. Қарсыласы 2 эйс, 4 брейктен (7 брейк-пойнт) аса алмады.
Елена Рыбакина үшінші айналымда қос америкалық, әлемнің 21-ракеткасы Джессика Пегула немесе рейтингте 38-орында тұрған 2017 жылғы US Open турнирінің жеңімпазы Слоан Стивенстің біреуімен шеберлік байқасады.
Өткен жылы осы додада Е.Рыбакина үшінші айналымға дейін жеткен еді.