01 қаз, 2021 сағат 00:56

Теннис: Елена Рыбакина Чикаго турнирінің ширек финалына шықты


Қазақстанның бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Елена Рыбакина Чикаго WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жарыстың бесінші ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина үшінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 31-орында тұрған ресейлік Вероника Кудерметовамен ойнады. 

Мұның алдында Чехияның Острава қаласында өткен осындай додада қазақстандық теннисші қарсыласын 6:1, 6:3 есебімен тізе бүктірген болатын.

Бұл жолы матч әлдеқайда тартысты өрбіді.

Бірінші партия тағдыры тай-брейкте шешіліп, онда Рыбакинаның жолы болды – 7:6 (7:4).

Екінші сетте есеп 2:2 болған мезетте Елена брейк жасағанымен, Кудерметова сол бойда қарымта қайырды – 3:3. Есеп 5:5 болғанда, Рыбакина тағы бір брейкке қол жеткізді – 6:5. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 7:5.

Екі сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында қазақстандық теннисші 9 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жібермеді. Қарсыласы 10 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың үшеуін ғана пайдаланды. 

Е.Рыбакина жүлде қоры 565 мың АҚШ долларынан асатын жарыстың жартылай финалына шығу үшін әлемнің 12-ракеткасы, швейцариялық, Токио Олимпиадасының чемпионы Белинда Бенчич немесе рейтингте рейтингте 53-сатыдағы чехиялық Тереза Мартинцованың біреуімен таласады.