Қазақстанның бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Елена Рыбакина Берлин WTA 500 турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Дәл бүгін 22-ге толған қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 13-інші, осы жарыстың 6-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің екі мәрте чемпионы, испаниялық Гарбинье Мугурусамен кездесті.
Бірінші партияда есеп 2:2 болған мезетте испаниялық спортшы брейк жасап кетті. Қазақстандық теннисші таразы басын теңестіргенімен, сол қарқынын жалғастыра алмады.
Тағы бір брейк жасаған Г.Мугуруса сетті өз пайдасына аяқтады – 6:4.
Испаниялық теннисші екінші сетте де брейкпен алға шықты – 3:2. Содан кейін матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:3.
Бір сағат 43 минутқа созылған бәсеке барысында Г.Мугуруса 4 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Керісінше Е.Рыбакина 7 брейк-пойнттың біреуін ғана өз есебіне жаза алды.
Елена 10 эйс жасаса, қарсыласы мұнымен мақтана алған жоқ.
Г.Мугуруса жартылай финалға шығу үшін франциялық Ализе Корнемен таласады.