Қазақстандық Анна Данилина жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының финалында жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге финалда әлемнің жұптық сындағы бірінші ракеткалары, чехиялықтар Барбора Крейчикова – Катерина Синяковамен шеберлік байқасты.
Бұл кездесудің фавориттері бұған дейін екі мәрте Ролан Гаррос, бір рет Уимблдон жарысының чемпионы атанып, өткен жылы Токио Олимпиадасы мен WTA қорытынды турнирінде үздік шыққан чехиялық жұп еді.
Биылдан бастап бірге ойнай бастаған Данилина мен Майя осыған дейін Сидней WTA 500 додасында жеңімпаз атанды.
Бірінші партия барысында қарсыластар екі реттен брейк жасады. Тай-брейкте қазақстандық-бразилиялық жұп сәтті ойнай білді – 7:6 (7:3).
Екінші сетте чехиялықтар алға кетті – 2:0. Ақыры сол басымдылықтан айырылған жоқ – 6:4.
Үшінші, шешуші партияда есеп 2:1 болған мезетте қазақстандық-бразилиялық жұп брейк-пойнтты пайдалана алмады. Есесіне қарсыластары мұндай мүмкіндікті мүлт жібермеді – 3:2. Тағы бір брейк – 5:2. Бұдан кейін Синякова матчқа доп бергенде, Данилина мен Майя қарымта қайырып, есепті қысқартты. Дегенмен Крейчикова доп бергенде, жеңіс чехиялық жұптың еншісінде кетті – 6:4.
Нағыз финалға тән тартысты бәсеке 2 сағат 42 минутқа созылды
Осылайша қазақстандықтар арасында алғашқы болып Аустралия біріншілігінің финалына дейін жеткен Данилина алдағы дүйсенбіде жаңартылатын әлемдік рейтингіде жұптық сында үздік 25 теннисшінің қатарына кіреді.