Қазақстандық Анна Данилина жұптық сында Сидней WTA 500 турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге соңғы бәсееде германиялық Вивиан Хайзер - мажарстандық Панна Удвардимен бас жүлдені сарапқа салды.
Бірінші партияда германиялық-мажарстандық жұп басымдылық көрсетті - 6:4.
Екінші сетте Анна мен Беатрис брейкпен алға шықты - 2:0. Ақыры сол басымдылығын сақтай алды - 7:5.
Супер тай-брейкте де олар 4:0 есебімен алға кетті. Ойын соңында әлденеше матчболды пайдалана алмағанымен, жеңіспен тәмамдады - 10:8.
1 сағат 36 минутқа созылған кездесуде қарсыластар қос-қостан брейк жасады.
Осылайша Анна Данилина жұптық сында спорттық жолында алғаш рет WTA 500 жарысының чемпионы атанды. Енді ол Аустралия ашық чемпионатында өнер көрсетеді.