Қазақстандық Андрей Голубев жұптық сында Индиан-Уэллс мастерс турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
А.Голубев германиялық Александр Зверевпен бірге алғашқы айналымда ұлыбританиялық Дэниел Эванс – ресейлік Карен Хачановпен кездесті.
Қазақстандық-германиялық жұп 7:5, 6:3 есебімен жеңіске жетті.
А.Голубев пен А.Зверев 1 сағат 20 минутқа созылған матч барысында 4 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Олардың екінші айналымдағы қарсыластары кейін анықталады.
Жекелей сында тағы бір қазақстандық, дүниежүзілік рейтингте 154-орында тұрған Михаил Кукушкин бірінші айналымда әлемнің 39-ракеткасы, америкалық Томми Полдан 4:6, 4:6 есебімен жеңіліп қалды. М.Кукушкин негізгі жарысқа іріктеу сайыстарынан кейін қосылған еді.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 33-ракеткасы Александр Бублик екінші айналымда кезінде рейтингте көш бастаған, қазір 88-сатыдағы ұлыбританиялық Энди Марреймен шеберлік байқасады. А.Бублик пен Э.Маррей биыл Роттердамда кездесіп, онда ұлыбританиялық теннисші 7:6 (8:6), 6:4 есебімен ұтып кеткен еді.