16 мам, 2022 сағат 14:56

Теннис: Андрей Голубев әлемдік рейтингіде рекордтық нәтижеге қол жеткізді


Қазақстандық теннисші Андрей Голубев әлемдік рейтингіде рекордтық нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Рим мастерс турнирінің жартылай финалына дейін жеткен А.Голубев бүгін жаңартылған дүниежүзілік рейтингте жұптық сында 21-орынға көтерілді. Бұл – оның спорттық жолындағы ең үздік көрсеткіші.

Александр Недовесов 60-сатыда қалса, Григорий Ломакин 244-орынға шықты.

Қазақстанның жекелей сындағы бірінші ракеткасы Александр Бублик 41-орнында қалса, Михаил Кукушкин 165-сатыда тұр. Дмитрий Попко 182-ден 180-ге, Тимофей Скатов 193-тен 191-ге жоғарылады. Бейбіт Жукаев 491-інші, Достанбек Ташболатов 908-орында келеді.

Қазақстанның әйелдер арасындағы бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 17-ден 16-ға, Юлия Путинцева 40-тан 37-ге, Зарина Дияс 134-тен 131-ге көтерілді. 

Жұптық сында Анна Данилина 20-сыншы, Жібек Құламбаева 300-інші, Гөзал Айнитдинова 438-сатыға жайғасты.

Қазақстандық теннисшілер Ролан Гаррос жарысында сәтті өнер көрсетсе, өз рейтингтерін жақсарта алады. 

Бүгін іріктеу сайысында Зарина Дияс ресейлік Анастасия Гасанова, Дмитрий Попко аргентиналық Хуан Игнасио Лондеро, Тимофей Скатов америкалық Митчелл Крюгермен ойнайды.