Қазақстанның бірінші, әлемнің 35-ракеткасы Александр Бублик Монпелье (Франция) ATP 250 турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осы жарыстың 6-ракеткасы болып тіркелген А.Бублик алғашқы кездесуін әлемдік рейтингте 62-орында тұрған нидерландылық Таллон Грикспурмен өткізді.
Тай-брейкке дейін барған екі сетте қазақстандық теннисші шешуші сәттерде сәтті ойнай білді – 7:6 (7:4), 7:6 (7:5).
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты матчта А.Бублик 20 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдалана алды. Қарсыласы 9 эйс, 1 брейкпен (2 брейк-пойнт) шектелді.
А.Бублик екінші айналымда әлемнің 96-ракеткасы, германиялық Петер Гоевчик немесе рейтингте 113-сатыдағы франциялық Пьер-Юг Эрбердің біреуімен күш сынасады.
Тағы бір қазақстандық Михаил Кукушкин іріктеу сайыстарының финалында дәл осы Эрберге есе жіберіп, негізгі додаға қосыла алмай қалған болатын.
Жүлде қоры 430 мың еуроға жуықтайтын Монпелье жарысы 6 ақпанда мәреге жетеді.