04 шіл, 2019 сағат 15:58

Теңіздегі төбелес: Жақсылықов негізгі үш себепті атады

"KazService" мұнайсервистік компаниялар одағының президиум төрағасы Рашид Жақсылықов Теңіз кен орнындағы тәртіпсіздікке түрткі болған үш себепті атады, деп хабарлайды Sputniк.

Жақсылықовтың айтуынша, бірінші себеп – бас мердігер компания бүкіл жұмысты өзі атқарғысы келген. Яғни, отандық субмердігерлерді тартпаған.

"Қазақстандық компаниялармен жұмысты бөліскен кәсіпорындарда мұндай жағдай жоқ. Бірақ, бұл жерде бас мердігер жұмысшыларды қайдан алды деген заңды сұрақ туындайды. Ол жұмыссыз отырған отандық компаниялардың жұмысшыларын айлығын аздап көтеріп, өзіне шақырған", - деді ол мультимедиялық орталықта өткен баспасөз мәслихатында.

Екінші себеп, айтуынша, шетелдік супервайзерлер, қарапайым тілмен айтқанда, инженерлер.

"Бұл қызметті атқаратындардың бәрі – шетелдік. Яғни, он мыңға жуық қазақстандық қара жұмысты істейді, ал оларды екі жүзден астам шетелдік басқарады. Біріншіден, олар тіл білмейді, мәдениеттен хабарсыз, жұмысшы мен жоғары сапалы маман арасындағы байланыс үзіледі, салдарынан түсініспеушілік пайда болады", - деді президиум төрағасы.

Үшінші себеп, мұнайсервистік компаниялар одағының пікірінше,  субмердігер компаниялар арасында демпинг ұйымдастыру.

"Кім ең төменгі бағаны ұсынады, жұмысты соған беремін деген. Осыдан кейін отандық компаниялар ең төменгі бағаны беруге тырысады. Бұл дегеніміз, жалақы, әлеуметтік қамсыздандыру нашар деген сөз. Міне, осы себептен жағдай қиындап, соңы дау-жанжалға ұласты", - деді Жақсылықов.

Ол қазір аталған оқиғаға қатысты құзырлы органдар тергеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті. Арнайы комиссия құрылған, тергеу аяқталғаннан кейін, кен орнындағы тәртіпсіздіктің нақты себебі белгілі болмақ.