10 мау, 2020 сағат 10:10

Теңгенің күшеюі мұнай бағасының қалпына келуіне байланысты – Әлия Молдабекова

ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова қаржы нарығындағы ахуалды баяндап, теңгенің күшеюіне қатысты факторларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, сәуірде әлемдік нарықтағы ахуал соңғы 3 айдағы ең тәуір көрсеткішке жеткен. Қор индекстері өсіп, дамушы мемлекеттердің валюталары тұрақталып, шикізат нарығындағы бағалар түзеле бастады.

«Мамырда экономикалық белсенділіктің артып, карантин шараларының жеңілдетілуіне байланысты осындай динамика қалыптасты. Дамыған елдердің орталық банктері қаржы активтерін сатып алуды жалғастыра бастады. АҚШ Федералды резерві орталық банктерге своп желілер арқылы доллар ликвидтілігін ұсына бастады», - деді Әлия Молдабекова. 

Оның айтуынша, наурыздағы ауқымды шоктан кейін теңгенің күшеюіне мұнай бағасының тұрақталуы ықпал еткен.

«Мұнай нарығындағы тұрақтылықтың оралуы энергия тасымалдаушы тауар бағасын қалпына келтірді. Сауд Арабиясы мұнай өндіруді тағы да тәулігіне 1 млн баррельге қысқарту туралы шешім шығарды. АҚШ-та бұрғылау қондырғыларының саны 222-ге жетті. Бұл 10 жылдағы рекорд азаю көрсеткіші. Қара алтын котировкасы мамырда 40%-ға артты», - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Сауда бойынша әріптес елдердің нарығындағы тұрақтылық нәтижесінде және мұнай бағасының тұрақталуына байланысты теңге 1 айда 429,41-ден 411,54-ге күшейді. 

Сонымен қатар, мамырдағы ұлттық валютаның ахуалына ішкі факторлар ықпал етті.

Біріншіден, ҚР Ұлттық қорынан берілетін трансферт 2,7 трлн теңгеден 4,77 трлн теңгеге артты. 

Екіншіден, экспортерлердің салық түсімдерін төлеу үшін шетел валютасын сатуы артты.

Үшіншіден, карантинге байланысты көптеген кәсіпорындар әлі де жұмыс істемей тұрғандықтан, ұлттық валютаға сұраныс азайған.

Сондықтан, Ұлттық банкке мамырда интервенция жүргізудің қажеттілігі болмады.