Фото: Zakon.kz
Бұған, әлбетте, АҚШ-тағы президент сайлауының нәтижесі айтарлықтай ықпал етті. Д.Трамптың жеңісі АҚШ долларын күшейтіп, дамушы елдердің валюталары, соның ішінде теңге де әлсіреді, деп хабарлайды Ult.kz.
ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, негізгі әлемдік валюталарға шаққандағы доллар бағамын көрсететін DXY индексі қыркүйек айының соңында 100,8 тармақта төмен мәнге жеткеннен кейін 5%-ға дейін нығайып, 105,5 тармаққа дейін өсті. ЕМ валюталарының индексі қыркүйек айының соңынан 4,2%-ға төмендеді (11 қарашадағы жағдай бойынша).
Ведомство атап өткендей, мұнай котировкалары да қалыпты түрде төмендеп, 1 баррелі 74-75 АҚШ долларынан 71,83 АҚШ долларына дейін түсті (2024 жылғы 11 қарашадағы жағдай бойынша). Себебі әлеуетті сауда баждары мен Д.Трамптың президенттік кезеңінде АҚШ-тан көптеп мұнай жеткізудің өзі шамадан тыс артық ұсынысқа әкеледі деген экономистердің болжамы әсер етті. Оның үстіне, қуатты доллар – қашанда шикізат тауарлары үшін негативті фактор саналады.
Сондай-ақ, Ұлттық банк шетел валютасына ұсыныс айтарлықтай төмендеп, оған деген сұраныстың бір мезгілде өскенін жазды. Бұл өз кезегінде теңге бағамының әлсіреуіне ықпал етті. Қарашаның басынан бері ұлттық валютаның биржалық сауда-саттықтағы бағамы 1,4%-ға әлсіреп, 1 АҚШ доллары үшін 495 теңгеге жетті.
ҚРҰБ Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова спекулятивтік сипаттағы мәмілелердің көбейгені де теңгенің әлсіреуіне ықпал еткенін атап өтті. Бұл өз кезегінде айырбас бағамын тым құбылтып жіберді.
Айтуынша, Ұлттық Банк ішкі валюта нарығындағы жағдайды қадағалап отыр. Ағымдағы үрдістер, әсіресе, спекулятивті көңіл-күй сақталған жағдайда, әділ бағам қалыптастыруды қалпына келтіру үшін және ұлттық валюта бағамының күрт өзгеруіне жол бермеу үшін Ұлттық Банк жедел әрекет етіп, валюталық интервенция жүргізуге дайын.
Айта кетейік, бұған дейін доллар бағамы көтерілгенін жазған болатынбыз.