05 қар, 2021 сағат 01:04

Теміржанов кубалық боксшыны жеңіп, финалға шықты - видео


Бокстан Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатында төртінші қазақстандық боксшы финалға шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

57 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Серік Теміржанов жартылай финалда кубалық Освель Гарсия Кабальероны ұтты.

Бірінші раундтың соңында қарсыласын нокдаунға жіберіп, қалған екі раундта да басымдық танытқан Серік 3:2 есебімен жеңіске жетті. 

Осылайша, Қазақстан командасының төртінші боксшысы финалда бақ сынамақ. Серік Теміржановтың  ақтық жекпе-жектегі қарсыласы - америкалық Джамаль Харви. 




Еске сала кетейік, бұған дейін ел құрамасынан Теміртас Жүсіпов (48 келі), Махмуд Сабырхан (54 келі) финалға шыққан болатын.


Кешкі сессияда Сәкен Бибосынов финалға берілген үшінші жолдамаға ие болды.


Ал Абылайхан Жүсіпов (67 келі) жапон Севонрец Окадзаваға есе жіберіп, қола жүлдені қанағат тұтты.