Өз басым он тоғызыншы ғасырда өмiр сүрген, жота-жота боп жатқан рухани iрi тұлғалардың ешқайсысының бәсiн түсiрмей, ешқайсысының биiгiн аласартпай-ақ, Абай мен Махамбет есiмдерiн айрықша атар едiм.
Әрине, бiрден айтайық, Абайды ешкiммен теңестiруге болмайды. Өйткенi Абай өзiне дейiнгiлердiң де, кейiнгiлердiң де қай-қайсысынан да биiк, қай-қайсысынан да терең, қай-қайсысынан да ауқымды. Олай дейтiнiмiз, қазақ халқының қара дауылдай өксiген мұң мен зарын дәл Абайдай қозғап, Қаратаудай ауыр қайғы мен қасiретiн дәл Абайдай көтерген ақын жоқ. Көзiнен жас, жүрегiнен у сорғалаған Абаймен ешкiм де теңесе алмақ емес. Бiрақ солай бола тұра, бiздiң бүкiл мұңымызды мұңдайтын да, жоғымызды жоқтайтын да Абай ғана десек, онда одан кейiнгi кеңiстiгiмiзде тұлдыры жоқ тып-типыл нағыз тайқымаңдайға айналар ек. Мына қу тағдыр бiздiң пешенемiзге, басқа ырыс пен құтты қайыршыға тастаған садақадай қолының ұшымен там-тұмдап қана берсе де, мұңымызды мұңдап, жоғымызды жоқтайтын сөз-ырысымыз бен жыр-құтымызды уыстап-уыстап шашқан-ақ екен. Сол сөз ырысымыз бен сол жыр-құтымызды бойымыз бен ойымызға барынша молынан сiңiре бiлсек, бiзден өткен рухани олжалы, бiзден өткен рухани бай ел сирек-сирек болар едi...
Абай – қазақ халқының рухани кеудесiнде бiздiң жанымыздағы отты сөндiрмей көрiктей уһлеп үрлеп, күрсiнiп тұрған «қырық жамау жүрек».
Ал Махамбет – қазақ халқының кегi, ызасы, намысы, жiгерi, қайтпас қайсарлығы. Яғни, Махамбет – қазақ халқының кегi мен ызасынан, намысы мен жiгерiнен жаралған наркескен рухани қару.
Мынаны қараңыз, Абай дүниеге Махамбеттiң басы шабылғаннан кейiн екi жыл өтпей келiптi. Тарих үшiн екi жыл деген қас-қағым сәт. Аллатағала қазақ халқының құтты құрсағын ұлы тұлғаларға қай кезде де құрғатпаған ғой. Оған да шүкiр!
Иә, Махамбет – ұлы рух. Кезiнде де айтқанбыз, қазiр де қайталап айтамыз, рух – от, рух – жан, рух – нерв. Ол – адам жанының ең қалтарыс түкпiрiне сәуле түсiретiн нұрлы шапақ, адам жанының ең бiр нәзiк қыл iшектерiн қозғалысқа келтiретiн ұлы ырғақ.
Егер өлеңде рух жоқ болса, оның образы, ойы, теңеуi, метафорасы, эпитетi, ұйқасы... т.б. компоненттерi сөнiп қалған шамдар ғана. Жылытпайды, сәулелендiрмейдi, толқытпайды. Рухты өлеңде олардың бәрi ыстық, бәрi сәулелi. Образ, ой, теңеу, метафораңыз рухсыз өмiр сүре алмайды, ал рух, керек кезiнде, оларсыз өмiр сүре алады. Сенбесеңiз, Махамбеттiң «Жалғыздық» өлеңiн оқып көрiңiз:
Бұл дүниенiң жүзiнде
Айдан ару нәрсе жоқ,
Ол түнде бар да, күндiз жоқ.
Күннен ару нәрсе жоқ,
Ол күндiз бар да, түнде жоқ.
Мұсылманшылық кiм де жоқ,
Тiлде бар да, дiнде жоқ.
Көшпелi дәулет кiмде жоқ
Бiрде бар да, бiрде жоқ.
Азамат ерлер кiмде жоқ,
Ерiккен күнi қолда жоқ.
Заманың менiң тар болды,
Тура билiк биде жоқ.
Бәрiн айт та, бiрiн айт,
Қаумалаған қарындас
Қазақта бар да, мен де жоқ...
Амалы құрып, тiстенген шарасыздық. Ыза. Кек. Намыс. Ендi сiз осы өлеңнен көзге түсiп тұрған бiр образ, бiр тапқыр теңеу, ең болмағанда, тың эпитет көрдiңiз бе? Жоқ. Сезiмi сөнген, көңiлi соқыр адам үшiн бұл өлең тiптi атамзаманнан белгiлi нәрселердi тiзiп (айдың түнде бар, күндiз жоқ екендiгiн, т.б.), өзiнiң жалғыз екенiн айтуға құрылған хабарлы сөйлемдер ғана
Бiрақ сiз өлеңдi олай оқи алмайсыз. Iшкi ырғақты рух олай оқуға мүмкiндiк те бермейдi. Өлеңдi оқып отырғанда түу тереңнен естiлетiн айналып соғып, үйiрiлiп тұрып алатын иiрiмдi гуiлге құлақ түрiңiзшi. Ол өзiмiз айта беретiн әуен де, әуез де емес. Ол – ақын жүрегiнiң ызалы қыжылы мен өжет қызуын өзiне сiңiрiп алған Рух.
Рухсыз ел – бар нәрсеге де құлықсыз ел. Рухынан айырылып қалған ел, үстiнен бөзi, аузынан сөзi түсiп тұрған ынжыққа, қарнынан басқа қамы, ұйқыдан басқа қызығы жоқ маубасқа, шоқайының тесiгiнен шұлғауы шұбатылған көнбiске, тұмсығынан суы сорғалаған сүмелекке, жағасын айырып жiберсең де, мұрнын қолқ еткiзiп бiр тартып жүре беретiн можантопайға, үстiнен құстың көлеңкесi өтсе де бұға қалатын жасқаншаққа, көң мен күл арасында қалған күйкiге, жападан жалғыз айдалада отырып алдындағы асын жан-жағына қарамай iше алмайтын жалтаққа, тiрсегi тiрсегiне соғылып келгенге де қайрат көрсете алмайтын дәрменсiзге, етiн жұлып жеп жатқанның бетiне тiктеп қарай алмайтын езге, кез келгеннiң табанының астында иленiп жата беретiн сорлы бейшараға, әркiмге алақан жайған тiлемсекке, тiптi су сұрап iше алмайтын сүйртiлген сұлбаға айналды. Ондай ел, ақырында, ит мiнiп, ирек қамшылап кетпек. Рухсыз елде қадiр де, қасиет те қалмайды. Рухсыз елдi ешкiм де сыйламайды. Қалай сыйлайды? Егер оның малақайы милығына түсiп, самайынан сiркесi мен битi ағып тұрса!
Рухты елдiң ғана бойы тiк, еңсесi биiк!
Рухты ел ғана ешкiмге кеудесiн бастырмайды, жағасынан алдырмайды. Жағасынан алғанның жағын айырып жiбередi. Күшi жетпесе жағаласып өледi. Жағаласып жүрiп, ең құрығанда, жастығын ала кетедi.
Рухты ел қарағайға қарсы бiткен бұтақтай қайратты!
Рухты ел еменнiң иiр бұтағындай берiк!
Рухты ел найзағай бұтақтарындай шалт!
Рухты ел бөркiн шың басындағы бұлттай оқшырайтып киетiн асқақ!
Бүгiнгi таңда бiздiң Рухымыз – Сарыарқаның құрышынан құйылып, Аспан мен Алатаудың арасында найзағайлармен тапталып, Атырауда суғарылып, Қаратаудың қайрақ сауырына қайта-қайта қайралған семсердей өткiр, алдаспандай айбарлы, наркескендей қайратты Рух болуға тиiс. Ол тек сестi ғана емес, естi де Рух болуы керек. Өйткенi ессiз рух – есерсоқтық рух. Есерсоқтық – аузына не келсе соны оттайтын әулектi әумесерлiкпен, түбi түскен шелектей даңғырлаған даңғаза дарақылықпен жатырлас, кiндiктес, құрсақтас.
Әулекiлiк пен әумесерлiк, дарақылық пен даңғазалық елге сес болып жарытпайды, қайта елге сор болып жабысады. Ондай рух айнала қонған басқа жұртқа сенiң елiңдi көзге шыққан сүйелдей жеккөрiнiштi етедi. Әулекiлiк пен әумесерлiктi, даңғазалық пен дарақылықты бойына кiргiзiп алған ел, ең алдымен, өзiн өзi жалмап, бүтiндi бұтарлап бүлдiрiп, түгелдi ту-талақай етiп жiбередi. Азуы алты қарыс алауыздыққа, ауқымы алпыс кез алакөздiкке ұрындырады. Ақырында өз басын өзi жұтып бiтедi. Қауiптi рух!
Сондықтан да, бiздiң бiреулердiң сыртынан тұрып «қот-қоттағанына» ерiп iсiнiп, iшке кiрiп «шоқ-шоқтағанына» ерiп күпсiнiп жүрген кейбiр қандастарымыздың «шаң-шұңына» қолымыздан келгенше, шамамыз жеткенше басу айтып «қой-қойлайтынымыз да», олардың «даң-дұңына» басалқы айтып «ойбайлайтынымыз» да содан.
Сестi рухты естi жүрек билеу керек. Сонда ғана ол нағыз ұлттық рухқа айналады.
Сөз жоқ, ақар-шақар таулардың төсiнен сарқырап төгiлiп, айдынға бұрқырап құйылған, жасын ойнатып, жай лақтырған, күндей күркiреп, желдей бұрқырап жатқан Махамбеттiң рухани әлемi бiздiң сол ұлттық рухымызды сомдап соғып жатқан алып Ұста Дүкенiмiздiң бiрi және бiрегейi. Алапат қуатпен жұмыс iстеп тұрған ол Ұста Дүкеннiң жұмысы мәңгiлiк тоқтамақ емес. Өйткенi бұл дүниеде сөзден қуатты ештеңе жоқ. Оның қуатының алдында атом электростанцияларыңыздың қуаты да, мұхиттың терең қабаттарында жүрген құрыш денелi сүңгуiр кемелерiңiздiң қуаты да, жетi қат көктi дар еткiзiп жыртып өтетiн зымырандарыңыздың қуатты да дәрменсiз. Өйткенi ол қуаттардың бәрi де дүниеге ой мен сөз арқылы келген. Сондай-ақ адам қолымен дүниеге келген қандай бiр, мейлi ол дүлей, құбыжық қуат күшi болса да, Сөз арқылы басқарылады. Дүниеде Сөз үстемдiгiнен өткен үстемдiк жоқ.
Еңселiгiм екi елi,
Егiз қоян шекелi,
Жараған теке мүшелi,
Жауырыны жазық, мойны ұзын,
Оқ тартарға қолы ұзын,
Дұшпаныма келгенде
Тартынбай сөйлер асылымын.
Құла бiр сұлу ат мiнген,
Құйрық, жалын шарт түйген,
Құм сағыздай созылған,
Дулығалы бас кескен,
Ту түбiнен ту алған,
Жауды көрiп қуанған
Мен Өтемiстiң баласы
Махамбет атты батырмын.
Жаңа ғана мына күйкi тiрлiктiң ғұмыры бiтiп болмайтын күйбеңiн ойлап, бойыңыздағы бүкiл қуаттан айырылып қалғандай ұнжырғаңыз түсiп, соншалықты бәкене, соншалықты пәс болып отыр едiңiз, мына өлеңдi оқыдыңыз да қызыл көрген қырандай дүр сiлкiндiңiз. Сiздiң де «еңселiгiңiз екi елi» боп шыға келдi. Аптап кезiндегi ақырын ғана жылап ағып жатқан алпыс екi тамырыңыздың iшiне от, от емес-ау, өрт кiргендей болды. Сол өрттен жанарыңызға шоқ түсiп кеткендей айналаңызға жарқ еткiзiп қарадыңыз. Күйбең тiрлiктiң көлкiлдеп тұрған күйбең ойлары аяғыңыздың астына шiрiген пердедей боп сыпырылып түстi. Жел үрлеген шоқтай боп қозданып жанып тұрған жанарыңыз аула iшiнен әрiрек қарай бастады. Бiрiн бiрi ала алмай, бiрiн бiрi жыға алмай тайталасып, итжығыс түсiп жатқан м
ына аласапыран дүние-тiршiлiктi көрдiңiз. Көрдiңiз де, елiңiз бен жерiңiздiң тағдырын ойлай бастадыңыз. Тек ойлап қана қоймай, елiңнiң еңсесiн көтерткiсi келмей, оның етегiне иттей жабысып алған әлдекiмдермен алысып-жағаласқыңыз, жерiңнiң құйқалы жерiне қол салғысы кеп тұрған басқа бiреулермен тартысқа түскiңiз кеп кеттi. Өйткенi сiздiң тұла бойыңызда жерiнiң бiр пұшпағына дұшпанның итi сарыса намысы қозып шыға келетiн ата-бабаңыздың қаны оянды!
Мiне, рух күшi! Алақандай ғана өлең есiк пен төрiнiң арасындағы күйбең тiрлiктi ғана ойлап, рухани мүсәпiр боп қалған бiр жанды қалай түлетiп жiбердi.
Қоғалы көлдер, қом сулар,
Кiмдерге қоныс болмаған?!
Саздауға бiткен құба тал
Кiмдерге сая болмаған?!
Басына жiбек байлаған
Арулар кiмнен қалмаған?!
Таңдап мiнген тұлпарлар
Иесiн қайда жаяу салмаған?!
Құландар iшпес бұршақ қақ
Кiмдерге шәрбат болмаған?!
Садағына сары шiркей ұялап,
Жау iздеген ерлердiң
Қайда басы қалмаған?!
Ендi сiз алыс-жұлысқа түсiп алқымнан алып жатқан, жағаласқа кiрiп, жаға жыртысқан, бiр-бiрiне кiрш еткiзiп тiсiн басып, бiр-бiрiне тырнағын мытып батырып тұрған мына қатал да қатыгез дүниеден мүлде күдер үзгендей боп оңаша қалдыңыз. Келiсiмi күнде үзiлiп, бәтуасы күнде бұзылып жатқан бұл берекесiз тiршiлiктен безгендей арғы-бергi өмiр жайлы тылсым терең ойға баттыңыз. Сол тереңдiктiң түкпiр-түкпiрiнен екi кештiң арасындағы сәттей күңгiрт, құсы қайтып, қызығынан айырылған көл үстiн тұмшалаған тұмандай ауыр қою үн көтерiлiп тұла бойыңды түгел жайлап алды. Байқасаң, мына жалғанды жалпағынан басып өткен жалғыз сен емес екен. Саған дейiн де алшысынан тұрып, алшайып жүргендер болыпты. Бiрақ бұл дүние оларға да опа бермептi. Саған да опа бермек емес. Бодаусыз тiрлiк, баянсыз өмiр бұл...
Алайда iшiне кiрiп үнсiз обып, ұйығына түсiп түбiне тартып бара жатқан осы бiр опасыз ойды ақын шұғыл серпiп тастайды да, жаңа ғана өзiн өзi кемiрiп, қабаржып, қамықпағандай, тосқауылға тiрелгендей боп жол таба алмай торықпағандай, айналасын түгел жаңғырықтырып, сұңқардай саңқылдап «iшелiк те желiк, мiнелiк те түселiк, ойнайық та күлелiк, ойласаңдар, жiгiттер, мынау жалған дүние, кiмдерден кейiн қалмаған» деп серiппедей серпiлiп, шымыр сөйлеп кеттi. Өйткенi бұл өмiрге келдiң екен, онда ол өмiрге беретiнiң де, ол өмiрден алатының да бар. Жейтiн ырыздық-несiбең де, беретiн күш-қуатың да, көретiн қызық-қуанышың да, көнетiн нала-мұңың да бар. Жарық дүниенi көргенiң үшiн де, сен жарық дүниеге қарызсың. Сол қарызыңды өте, соны ақтап шық...
Сонымен сiз ишарамен ғана айтқан ақын ойының ымын үңгiп, жымына сүңгiп кете бардыңыз...
Махамбет өлеңдерiнен сiз көзiңдi де, өзiңдi де арбайтын сылаңдап тұрған сұлу сөздi де, жайнаң қағып жайраңдап тұрған қылықты сөздi де, тамсанған сайын талғап сора бергiң келетiн таңдай үйiрер тәттi сөздi де, жаныңды жай таптыратын жайдары сөздi де, жүзiктей құбылып жұтынып тұрған сөздi де, гүлi ашылып, мәуесi төгiлген құлпырған сөздi де, тiптi салиқалыққа шақырар сабырлы сөздi де кездестiрмейсiз. Оның өлеңдерiнiң бәрi дерлiк бес қаруын белiне түгел байлап алған, кектей күйiнiп, ызадай өртенiп тұрған өлеңдер. Бәрi де аттың үстiне мiнiп, ереуiлге шығып, жорыққа аттанып бара жатқандай. Әр жол, әр сөзiнен қару-жарақтардың шыңылы, тақыр жердi тарсылдатып бара жатқан тұяқтар топылы, күпшектей-күпшектей бiлектерiмен ұстасып жағаласқан жандардың бiрiн-бiрi ала алмай ышқынып, кiжiнген қыжылды үндерi, қылыштасқан батырдың демi мен лебi естiледi. Оқи бастағаннан-ақ сенiң де iшкi дүниең астаң-кестеңi шыққан аласапыранға толып, айналаң түгел орай да борай соққан желдей алағай да бұлағай боп кетедi.
Ереуiлдi жырлар!
Егеулi найза жырлар!
Ол жырларды оқығанда басы кеудесiне түсiп салбырап, қалғып-мүлгiген де, белi бүгiлiп, еңсесi түсiп, езiлiп отырған да тiктелiп кетерi хақ.
Ол жырларды оқыған жан қажыр-қайратсыз қалғып қалжырап жатқанда қайтадан құрыштан құйылғандай боп шоқтықтанып, жоталанып бара жатады.
Кермиығым, кербезiм!
Керiскедей шандозым!
Құландай ащы дауыстым!
Құлжадай айбар мүйiздiм!
Қырмызыдай ажарлым!
Хиуадай базарлым!
Теңiздей терең ақылдым!
Тебiренбес ауыр мiнездiм!
Атына тұрман болсам деп,
Жұртына құрбан болсам деп,
Адырнасын ала өгiздей мөңiреткен,
Атқан оғы Едiл, Жайық тең өткен,
Атқанын қардай боратқан,
Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан,
Арыстан едi-ау Исатай!
Бұл фәнидiң жүзiнде
Арыстан одан кiм өткен?!
Ойпыр-ау, арнасына сыймай арқырап-сарқыраған, ақтарылып төгiлiп, бүктетiлiп жазылған, аспанға шапшып, қайтадан гүрс етiп құлаған бұл неткен дүлейлi тасқын. Жер сiлкiнген кездегi алып таулардың денесiнен бiрi-бiрiне соғысып, бiрi-бiрiн лақтырып, бiрi-бiрiн ұрып, сатырлап домалап жатқан тастардай бұл неткен бетпақ жөңкiлiс. Қара ормандарыңды жерге басын тигiзiп жапырып жiберетiн қара дауылдай бұл неткен долы уiл мен гуiл. Қара бұлттардай күркiреп, шатырлап жатқан қып-қызыл найзағайлармен тауларды сүзгiлеп жатқан бұл неткен сойқан диюлық. Алдына теңiз өңгерiп, сапырып отырған бұл неткен жойқын перiлiк.
Осы бiр арсы-гүрсi, алай-дүлейлi алақұйын боп жатқан дүниемен сiз де араластыңыз да кеттiңiз. Ақтарылып төгiлiп, бүктетiлiп жазылған дүлейлi тасқынның бiр тегеурiндi күшiне, таулардың денесiнен сатырлап домалап жатқан бетпақ жөңкiлiстiң бiр тасына, жолдағысының бәрiн жапырып жiберетiн қара дауылдың бiр гуiлiне, тауларды сүзгiлеп жатқан сойқан дюлықтың бiр найзағайына, шалқар теңiздi сапырып отырған жойқын перiлiктiң бiр толқынына айналдыңыз. Өйткенi сiздiң iшкi әлемiңiзде де мына кең дүниеге сыймай бiр-бiрiне қысастық жасап, бiр-бiрiн қиянатқа байлап берiп жатқандарға деген ыза, бiр-бiрiн жаныштап, бiр-бiрiн балшықтай илеп жатқандарды көрiп ашу, елдiң ырысы мен құтын обып асап, опырып жеп жатқандарға қарап өштiк, бiр бүйiрiңнен бiр түртiп, екiншi бүйiрiңнен екi түртiп, етегiңнiң өкшесiн басып, етегiңе шоқ тастап жүргендердi көрiп өшпендiлiк, қараптан-қарап жүрсең де жерге тығып жерлейтiндерге қарап намыс пен өжеттiк атқа мiнiп шыға келдi. Ендi сiз де елiңiздiң кеткен есесiн даулауға, елiңiздiң кеткен намысын жыртуға дайынсыз. Олай болса, өлең де өз мiндетiн орындады.
Әлi де орындай бермек. Олай дейтiнiмiз, кейiнгi кезде басқа-басқасын былай қойғанда, Махамбет жырларының өзiн тар түсiнiк, тар аяда қарастыруға тым үйiрсек боп бара жатқан сияқтымыз. Әрине, Махамбет – тарихи тұлға. Сондықтан оған арналатын тарихи материалдар мен мақалалар барынша мол болғаны жөн. Ол материалдар мен мақалалар нақты деректер мен фактiлерге негiзделуi керек. Бiрақ Махамбет өлеңдерiн үнемi сол нақты деректер мен фактiлерге қызмет етушi ғана етiп көрсетiп қойсақ, онда арнасын керiп асып-төгiлiп жатқан ағысымызды тым тарылтып, көк тiреп тұрған биiгiмiздi мүлде аласартып алуымыз әбден мүмкiн. Сондықтан Махамбет өлеңдерi туралы сөйлегенде – қашаң қарасаң да! – сақал-мұрты басулы, түймелерi түгел салулы, не күлмейтiн, не жыламайтын, сұп-суық қалпында мұп-мұнтаздай боп оқтау жұтқандай қалшиып, не бүгiлмей, не иiлмей, айтқанынан қайтпай қасарысып тұрып алатын джентельмен Дерекпен, рыцарь Фактiмен ғана сөйлеу аздық етедi. Әрине, деректiң аты дерек, фактiнiң аты фактi. Ол деректерге құлақ түрсек, Махамбет бiр де бiр рет жекпе-жекке шықпапты, тiптi қарсы келген дұшпаннан ретiн тауып жылыстап, ығысып кеткен тұстары да болыпты. Ол туралы Тiлекқабыл Боранғалиұлы «Егемен Қазақстан» газетiнiң бетiнде жазды да. Мен өз басым, ештеңенi бүгiп-бүркемелемей, майлап-сыламай, ашығын айтқаны үшiн Тiлекқабылға дән ризамын.
Сондай-ақ Тiлекқабылдың, одан басқа да кiсiлердiң жазғандарына көз салсақ, Махамбеттiң соншалықты ызаланып «Хан емессiң, қасқырсың, қас албасты басқырсың» деп зәрi мен кәрiн төккен Жәңгiр ханыңыз да орман еккен, мектеп ашқан жақсы адам екен. Оған бiз тiптi де шүбә келтiрмеймiз. Факт фактiсiмен, бiрақ фактор қайда? Өйткенi Махамбет Жәңгiр ханмен ғана күрескен жоқ қой. Тiптi ханмен демей-ақ қояйықшы (хан десек қасиеттi хандарымызға тiлiмiз тигендей болар). Сол замандағы халқының басына әңгiр таяқ ойнатқан – Жәңгiр хан болмай-ай қойсын! Жүздеген, мыңдаған әңгiрбайлар мен әңгiрбектердi қайда қоясыз. Саржағалар мен оқалы иық, жез мұрт, жез түймелердi қай тесiкке тығамыз?! Әрине, мақала авторлары олар туралы да айтады. Бiрақ тым көмескi, солғын айтады. Ол мақалалардағы басты екпiн Жәңгiр ханды Махамбеттен арашалауға түсiрiледi. Тағы да қайталап айтамыз, әңгiме Жәңгiр ханда емес. Одан әрiректе.
Махамбет күресiнiң алтын қазығы – «Едiлдiң бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едiм, жағалай жатқан сол елге, мал толтырсам деп едiм» деп қазақ даласын қос өкпесiнен сығып бара жатқан отаршылдық құрсауына қарсы қайрат көрсетуi мен «қорлықта жүрген халқыма Бостандық алып берем деп» деген азатшыл арманында. Махамбеттi iздесек дәл осы жолдар төңiрегiнен iздейiк.
Махамбет ешкiмнен нан сұрайтын жағдайда болмаған. Елi де болған, жерi де болған. Қадыр мен қасиетi көп-көп адамнан асып та тұрған. Бiрақ оған халқының бостандығы мен азаттығы бәрiнен артық болды. Оның қарекетi бұл ретте «алтынмен соқсаң да бұғаудың аты бұғау» деген араб даналығымен сәйкес келдi. Ол бостандық үшiн өзiнiң қара басының қам-қарекетiн тәрк еткен.
Яғни, Махамбет елiнiң қанын сүлiктей сорып, жерiне күйе боп түскен отаршылдық жүйемен күрестi. Тағы да оның күресi сол бiр тарихи кезеңмен бiрге бiтiп қалды деп ойлайсыз ба? Оның өлеңдерi бүгiн де жорықта. Оның өлеңдерi бүгiн де жан берiсiп, жан алысар ұрыс iшiнде. Өйткенi күнi кеше елiнiң үстiне әңгiр таяқ ойнатқан әңгiрбайлар маен әңгiрбектер болса, ендi бүгiн елдiң берекесi мен құтын қылғытып жұтып жатқан жемiрбайлар мен жебiрбектер бар емес пе арамызда...
Керек десеңiз, Махамбет өлеңдерi, қай кезде де зорлық пен зомбылыққа қарсы, басқаны былай қойғанда, сүйегiн зорға сүйретiп жүрген жанның өзiн қолтығынан демеп, қолына қару ұстатып, атқа қондырып жiберердей қуатқа ие.
Жаныңды қай жерге қоярыңды бiлмей, кеудеңдегi жүрегiң атқақтап аузыңа тығылып, қаның басыңа шауып, намыстан қақ айырылып жарылардай боп тұрған сәттерiнде де сүйенер тiрегiң сол рухани пiрлер мен әулиелер болмақ. Ондай жағдай, сөз жоқ, талайымыздың басымыздан өттi. Тәуелсiздiздiктiң алғашқы жылдарындағы саяси арпалыстар мен сапырылыстарды есiңiзге алыңызшы. Бiреулер сойылын көтерiп Оралға, ендi бiреулер шоқпарын көтерiп Алтайға жүгiрiп жатқан жоқ па едi?! Жұрттың бәрiнiң жанын жегiдей жеп қинаған сол бiр сәтте мен де Махамбет рухына жалбыранып өлең жаздым:
О, Махамбет, батырым,
Әулием, пiрiм, ақыным, –
Аруақ, жан мен рухым,
Қандасым, туыс, жақыным,
О, Махамбет, батырым.
Желеп сен, жебеп қолдашы,
Қолдашы менi, қорғашы,
Шайқалып тұр ғой, шайқалып,
Қазақтың қалың ордасы.
Талықсып жатыр бүгiнде
Дiнiм де, бiлiм, тiлiм де
Өшiп бiр кете жаздап тұр
Арыстан дауыс үнiм де.
Талқаны шыққан тойым-ай!
Ойраны шыққан ойым-ай!
Керек боп тұр ғой рухың
Кескектi ердей сойым-ай.
Дүние, мейлi, түнерсiн! –
Қайратың менен айбатың.
Желеп бiр менi жiберсiн
Бiлмеген мұны пақыр ғой, –
Жармасып бүгiн жағаға
Алқымнан алып жатыр ғой.
Көңiлiм менiң ортайды
Жанымнан нұр мен әр тайды.
Бөлiп ап Ертiс, Есiлдi
Кетпекшi алып Алтайды.
О, Махамбет, пiрiм-ай,
Қуат пен қайрат бер маған –
Атырау болып долданам,
Алатау болып толғанам.
Маңғыстау болам зарлаған,
Сарыарқа болам сарнаған.
Қуат пен қайрат бер маған!
О, Махамбет, пiрiм-ай,
Қолдашы, қане, бүгiн-ай!
Сол жылдары бүкiл ел-жұрт болып рухани тұлғалардың бәрiне жалбарынып қана қоймай, солардан рухтанып та жаттық.
Махамбет өзiнiң жорықтас серiгi, сүйенер тiрегi «арыстан Исатайынан» айырылып, «сағағы болат қылыштың балдағынан сынғаннан» кейiн «тар қолтықтан оқ тигендей», ортан жiлiгi опырылып түскендей хал кешедi. Осы тұстан бастап оның өлеңдерi бұлт астынан шақырайып шыға келген күндей ащы, жалаңаш жота үстiндегi борандай бұрқақ. Бейне бiр әр сөз, әр жолына ашудың зәрi құйылып, ызаның уы себiлгендей. Бiрақ ол өлеңдерден сiз қамықса да, тауаны қайтқан жiгерсiздiктi, қажыса да, маңдайы тасқа соғылған қайратсыздықты кездестiрмейсiз. Сөздерi атан жiлiктi, арқа мүйiздi мiнезiнен таймайды.
Исатайдан айрылған күннен бастап Махамбет көбiне-көп өткен күнмен өмiр сүредi. Яғни, өкiнiшпен... қандай азапты өмiр десеңшi?! Бiрақ Махамбет рухынаң мықтылығы сонда, өкiне отырып, өркештене алатындығында. Сондықтан да ол өткен өмiрiнiң қайғысын айтса тауға соғылған қара бұлттай теңселедi, қуанышын айтса арқасына қарағайдай қара жал бiтiп кетедi:
Мұнар да мұнар, мұнар күн,
Бұлттан шыққан шұбар күн.
Буыршын мұзға тайған күн,
Бура атанға шөккен күн.
Бұлықсып жүрген мырзадан
Бұрынғы дәулет тайған күн.
Қатарланған қара нар
Арқанын қиып алған күн.
Алма мойын аруды
Ат көтiне салған күн.
Бұландай ердi кескен күн,
Буулы теңдi шешкен күн.
Сандық толы сары алтын
Сапырып судай шашқан күн.
Мұндай қайратты қайсар өлеңдi тiзеңе дейiн жерге кiрiп, мүйiзiңмен көк тiреп тұрып жазу керек шығар. Тұла бойыңа сыймай бұлықсып тұрған бұла күш. Ерен әрекет. «Бұлтқа жетiп шарт сынар» долы мiнез.
Сондықтан ол талма тұсына соққы тиiп талықсып жатса да iрi.
Тағы да бұл өлеңдi, бұл өлеңдi емес-ау, жалпы Махамбет өлеңдерiн аузың астаудай толмай, көмейiң жел сорған көрiктей керiлмей, алқымың пiсiлген сабадай iспей оқи алмайсың. Бұл да сол Рух деген сұрапыл құбылыстың құдiреттi күшi болса керек.
Қазақта жер дауы мен жесiр дауынан өткен дау жоқ. Оны бәрiмiз бiлемiз. Өйткенi жер деген – кәрi текенiң үстiнен сыпырып алып, бөксеңе басып отыратын бөстек емес, сенiң ырыс-несiбең, береке-молшылығың, тарихыңның тарам-тарам тамыры бойлаған қасиеттi топырақ, сол тамырдан нәр алып, қуаттанып жатқан бүгiнiң мен ертеңiң. Жерден айырылу деген тарихыңның тамырын мүлде қиып тастап, бүгiнiң мен ертеңiңдi бiржола семдiрiп тастаумен бiрдей. Жесiрден айырылу ар мен намыс үшiн ауыр. Жесiрiнен айырылған ел ештеңеге қауқары жоқ, сорлы, ынжық ел. Адамынан айырылған елде не қадiр, не қасиет қалмақ. Оның үстiне жесiр деген сенiң дүние салған не ағаңның, не iнiңнiң ошағын өшiрмей, түтiнiн түтетiп, тағы да сол не ағаңның, не iнiңнiң бауырынан өрген балаларды өсiрiп отырған ана ғой. Егер оның бұрын баласы болмаса, күнi ертең әмеңгерлiк жолмен бала табады. Яғни, жесiр деген сенiң әулетiңнiң жапырақ жайған, немесе жапырақ жаятын асыл бiр бұтағы. Ол асыл бұтақтан айырылу өлiммен бiрдей...
«Едiлдi көрiп емсеген, Жайықты көрiп жемсеген» Махамбет үшiн жерден айырылудан өткен қорлық жоқ. Ол тағы да қандай жер дейсiң ғой!
Жатып қалған тайлағы
Жардай атан болған жер!
Жабағылы тоқтысы
Қой болып
Қора толған жер!
Аш-арығым тойған жер,
Жылаған бала қойған
Жер шортаны қара бақандай,
Бақасы сары атандай,
Балдырғаны бiлектей,
Батпауығы жүректей,
Қымыздығы күректей,
Сонасы қоңыр үйректей
Ондай қоныс маған жоқ,
Құдай қылды,
амал жоқ...
Туған жердi осыналықты емешегiң үзiлiп, есiң кетiп, етiң езiлiп, сүйегiң үгiтiлiп сүю үшiн таудай алып жүрек керек шығар. Құдай-ау, «қымыздығының күректей» екендiгiн былай қойғанда, малдың сауырына қонса қанжоса ететiн бармақ басындай содыр сонасының өзi «қоңыр үйректей» зор ол қандай жер?! Ондай жерге төбесiмен көк тiреген, адымдаса көл аттап кете беретiн, қолын созса бұлт ұстайтын кiл Дәулер өмiр сүру керек қой... Рухты Дәулер. Тек Рухты Дәулер ғана туған жерiнiң үлкендiгi «қоңыр үйректей» содыр сонасына дейiн аңсап, оны өлердей сүйе алмақ.
Әр сөзiн асаудай жұлқынтып сөйлейтiн Махамбет, сол өжет те өршiл қалпынан бiр де түспей, кейде тұтамдай етiп тұқыртып та сөйлей алады.
Таудай болған талаптың
Назары қайтқан күн болған.
Жiбектен бауы көнерiп,
Ақсұңқар ұшқан күн болған.
Бағаналы боз орда
Еңкейiңкi күн болған.
Телегей теңiз шалқыған
Қоғалы көлдер су алып,
Тiзеге жетер-жетпестей күн болған.
Жаманға бiткен жапырақ
Жапырағынан айырылып
Қу түбiр болған күн болған.
Бұл – «ахақулап жау iздеген» жорықты күндерiнен де, қарулас, үзеңгiлес серiктерiнен де, қызықты күндерi мен қуанышты сәттерiнен де жұрдай болып тоналған, көрiнгенге көз түрткi боп ойдан орын, сайдан сая таппай, бiрде қырға шығып, бiрде құмға кiрiп, өз елiне өзi сия алмай, өз жерiне өзi қона алмай «қанаты қатты, мойны бос» қызғыш құстай шарқ ұрған Махамбеттiң қапалы бейнесi. «Жапырағынан айрылып қу түбiрге» айналған кезi!
Әсiлi, Ақынға жалғыздықтан өткен дос та, жалғыздықтан өткен қас та жоқ. Дос болатыны: ақын Жалғыздыққа мұңын шағады. Зарлайды. Шер-шеменiн ақтарады. Баянсыз өмiрiн, байлаусыз тiрлiгiн айтады. Күйiнедi. Күйзеледi. Соның, тек соның алдында еңiрегенде етегi толады. Өйткенi ол өзiмен өзi оңаша қалып, сумаңдаған сөздер мен сұрқия көздердiң табасына күймейдi. Ол тек Жалғыздықтың алдында ғана ағыл-тегiл жылап отырып ақтарылады. Өйткенi жалғыздық – ақынның өзi. Қас болатыны: Жалғыздық ақынның жанын талайды, жүрегiн шеңгелдеп сығып, қанын сорғалатады. Адымын аштырмайды, аяғын бастырмайды. Тiрсегiне кiсен, мойнына бұғау боп түседi. Мазақ пен азаптың отына шыжғырылады. Анталаған дұшпанның қақ ортасында қараусыз қалдырады. Сенiң жәбiр-жапаңды, торығып қамыққаныңды бөлiсетiн бiр жан жоқ. Айдалада қалған қу түбiр қорғансызсың.
Бұл өлең, не болғанда да, өжеттiгiн өшiрмей тұтанып тұрса да, қамығып-қабаржыған сәтiнде өзiне өзi жасаған бейнесi. Ал алқалаған әлеумет, қалың қауымның көз алдында оның бейнесi –
Мен, мен едiм, мен едiм
Мен Нарында жүргенде
Еңiреп жүрген ер едiм.
Истайдың барында
Екi тарлан бөрi едiм.
Ерегiскен дұшпанға
Қызыл сырлы жебе едiм.
Жақсыларға еп едiм,
Жамандарға көп едiм.
Ерегiскен дұшпанның
Екiталай болғанда
Азыққа етiн жеп едiм.
Хан баласы ақсүйек,
Ежелден табан аңдысқан
Ата дұшпан сен едiң,
Ата жауың мен едiм.
Ежелгi дұшпан ел болмас,
Етектен кесiп жең болмас
Хан баласы ақсүйек,
Байеке, сұлтан сен болып,
Сендей нарқоспақтың баласы,
Маған оңаша жерде жолықсаң,
Қайраннан алған шабақтай
Қия бiр соғып ас етсем
Тамағыма қылқаның кетер демес ем, –
деген бүкiл зорлық пен зомбылық атаулыға, бүкiл аярлық пен қаскөйлiкке, бүкiл әзәзiлдiк пен сұрқиялыққа майдан ашып, қара жартастай қасқайып тұрған қалпында қала бермек.
... Ежелгi грек мифологиясындағы құдайлардың құдайы Зевс әйелi Герамен ұрсысып қалады да (Аллатағаланың құдiретi-ай, «құдайлар» да бiр-бiрiмен сыйыспаған!), қатты ашуланған ол әйелiнiң қолындағы баласы Гефестi жұлып алып лақтырып жiбередi... Сонда Гефест ақсақ боп өседi. Ұсталықтың құдайы болады. Ол өзiнiң дүкенiнде күнi-түнi толассыз, бiр-бiрiмен басы пiспейтiн құдайларға қару-жарақ соғады.
Махамбет, әрине, құдайлардан туған жоқ. Халықтан туды. Сол халықтың қамын ойлаған оны құдайсынған әңгiрбайлар мен әңгiрбектер, маймағамбеттер мен жаймағамбеттер басын шауып, денесiн айдалаға тастап кетсе де, ол өзiнiң Ұста Дүкенiнде еркектерi алтын құтылы, ұрғашылары күмiс құрсақты Ұлтына, сол ұлтын жалғастырар алтын айдарлы, ай маңдайлы ұлдар мен күмiс тұлымшақты, жұлдыз жүзiктi қыздарына мәңгi өлмейтiн Рух соғып, сомдады. Сомдай да бермек...
Темірхан Медетбек