Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде еліміздегі республикалық театрлардың басшылары өткен жылы атқарған жұмыстары жайында есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директорының міндетін атқарушы Сәбит Әбдіқалықовтың айтуынша, театр ұжымы өткен жылдың 11-18 шілдесі аралығында Францияның Авиньон қаласында өткен "Авиньон-2018" халықаралық фестиваліне қатысқан.
"М.Әуезов театры осы фестивальге қазақ елінің атынан қатысып, өнер көрсеткен бірінші театр саналады. Фестивальде белгілі литвалық режиссер Йонас Вайткустың режиссерлығымен Иран-Ғайыптың "Қорқыт" қойылымы сахналанып, театрымыздың бетке ұстар туындысын, шығармадағы түркілік мәдениеттің доминанттарын, бай фольклорлық мұрасын жоғары көркемдік деңгейде француз аудиториясына паш етті. 72-ші рет өткен Авиньон фестиваліне қатысу театр үшін жақсы тәжірибе болды", - деді ол.
Ал Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театры директорының міндетін атқарушы Азамат Сатыбалды театр репертуарында 41 қойылым бар екендігін айтты.
"Оның 29-ы ересектерге арналған қойылым болса, 12-сі балаларға арналған ертегілер. Жалпы, қазіргі өркениетке ұмтылу, жан-жақты даму кезеңінде байырғы ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, жаңа заман жетістіктері мен ата-дәстүрімізді сабақтастыра "Рухани жаңғыруға" жол сала білдік", - деді Азамат Сатыбалды.
Шара барысында Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрының директоры Любовь Ни, Қ.Қожамияров атындағы мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының көркемдік жетекшісі Мұрат Ахмадиев өткен жылы атқарған жұмыстары жайында есеп берді.