Жетісу облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында тазалық шаралары тұрақты үрдіске айналып, жалғасып жатыр. Облыс тұрғындарының кең қолдауына ие болған бұл экологиялық бастамаға 172 мыңнан астам адам қатысып, түрлі тазалық шараларына атсалысты.
Жастардың экологиялық мәдениеті
8 тамыз күні облыста бірқатар атаулы шаралар ұйымдастырылды. Соның ішінде, Халықаралық жастар күні қарсаңында «Жетісу жастары» КММ және «Жасыл ел» еңбек жасақшыларымен бірлесе отырып, «Жасыл ел» - эко квесті өтті. Бұл шараның мақсаты – жастар арасында қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру және оларды экологиялық белсенділікке тарту. Квест Талдықорған қаласының Орталық Арбатында салтанатты түрде басталып, орталық базар маңында жалғасын тапты.
Талдықорған қалалық жастар орталығының жетекшісі Еркебұлан Жақанның айтуынша, жастарды игі істерге тарту олардың қызығушылықтарын ескеру арқылы жүзеге асады. «Жасыл ел» - эко квесті осының бір мысалы, мұндай шаралар жастардың туған жеріне деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық мәдениетті нығайтады.
Спорт пен экология: «Workout Таза Қазақстан үшін»
Қазіргі таңда жастар арасында аула спортына деген қызығушылықтың артуына байланысты, Талдықорған қаласында «Workout Таза Қазақстан үшін» спорттық шарасы өткізілді. Бұл шара салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, жастарды тазалықты сақтауға үндеді. Спорттық жарыс соңында қатысушылар алаң маңын қоқыстардан тазалап, әр жас спортшының бірінші міндеті тазалық пен жауапкершілік екендігін еске салды.
Аудандардағы экологиялық бастамалар
Жетісу облысының басқа аудандарында да экологиялық шаралар белсенді түрде өтті. Текелі қаласында «Тазаlike» эко-челленджі, Алакөл ауданында «Alakol clean» экологиялық-шығармашылық байқауы, Сарқан ауданында «Сарқан Green Battle» шарасы, және Кербұлақ ауданында «Тату көршілер – Таза Қазақстан үшін» акциясы өткізілді.
Бұл шаралар түрлі форматта ұйымдастырылды: эко-эстафеталар, квесттер, сурет байқаулары, және сұрақ-жауап ойындары арқылы қатысушылардың экологиялық білімдері мен дағдылары жетілдірілді. Аудандық және ауылдық деңгейде өткен бұл бастамалар өңірдің әр тұрғынына тазалық пен экологиялық жауапкершіліктің маңыздылығын көрсетіп, оларды осы игі іске қатысуға шақырды.
Жетісу облысында «Таза Қазақстан» акциясының нәтижелері
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Жетісу облысында ауқымды жұмыстар атқарылды. Жалпы 1187 техника жұмылдырылып, 7055 тонна қоқыс шығарылды, 22255 км арық желісі тазаланды. Сонымен қатар, 25 826 м² автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс аумағында акция кезінде 29 514 түп көшет отырғызылды.
Аталған жұмыстар облыстың әр аумағын қамтып, жыл соңына дейін жалғасын табатын болады.