04 жел, 2025 сағат 15:36

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында 18 млн ағаш отырғызылды

Фото: Gov.kz

Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы: Премьер-министр мемлекеттік органдардың жұмысын бақылауға алды, деп хабарлайды Ult.kz.

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру мәселелеріне арналған кеңес өткізді.

Кеңесте Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев табиғатты қорғау іс-шараларының барысы, ағаш отырғызу, заңсыз қоқыс алаңдарын жою және ҚТҚ өңдеу жобалары бойынша есеп берді. Сонымен бірге Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру жұмыстарын таныстырды.

Олжас Бектенов кеңесте:

«Президенттің “Таза Қазақстан” бастамасы – тек ағаш отырғызу мен қоқыс тазарту емес. Бұл – табиғатты қорғау идеясына бүкіл қоғамды біріктіруге бағытталған жалпыұлттық қозғалыс. Жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру – біздің басты міндетіміз», – деді.


Негізгі нәтижелер

  • 2024 жылы республика бойынша 1 250 экологиялық іс-шара өтті.

  • 2,8 млн-нан астам ағаш отырғызылды, жалпы коммуналдық қызметпен бірге – 3,8 млн.

  • Бүгінге дейін 18 млн ағаш отырғызылып, 2025 жылға арналған Президент тапсырмасы орындалды.

  • 1 млн гектардан астам аумақ тазартылды, 800 мың тонна қалдық жиналды.

Заңсыз қоқыс полигондарымен күрес

  • Биыл ғарыштық мониторинг 3 833 заңсыз полигон анықтады, олардың 80%-ы жойылды.

  • 165 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылып, 12,4 млн теңге айыппұл салынды.

  • @TazaQazBot арқылы түскен 24 мың өтініштің 23 мыңы орындалды.

Қалдықтарды өңдеу инфрақұрылымы

  • Өңірлерде 8 жаңа ҚТҚ полигоны ашылды.

  • Құны 89,4 млрд теңге болатын 22 жоба жүзеге асырылуда.

  • Жалпы жоспар бойынша 100 жаңа полигон салу көзделген.

  • Астана, Алматы және Шымкентте 3 қоқыс өртеу зауыты салу бойынша келісімдер жасалды (жалпы құны – 293 млрд теңге).

Премьер-министр барлық бағыт бойынша жұмысты күшейтуді және жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыруға қоғамды кеңінен тартуды тапсырды.