16 сәу, 2024 сағат 15:24

Таза болса табиғат – аман болар адамзат

 


Республикалық «Таза Қазақстан» экоакциясының «Киелі мекен» апталығы Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіровтың ескерткішінен бастау алды.


Еліміз бойынша жүріп жатқан көктемгі экологиялық бастамаға І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттері қазақ поэзиясында өз орны бар ақынның өлеңін оқумен кірісті. Алдымен қаламгердің көпшілікке белгілі жырын оқыған білімгерлер игілікті шараны ескерткіш тұрған аумақты тазалаумен жалғастырды.


Ақын ескерткіші тұрған сквер бекер таңдалмапты. Себебі, Жетісу жерін жырға қосып, тұмса табиғатты сөзбен суреттеген ақын, драматург, прозашы, фельетоншы, сатирик, журналист және аудармашы Жансүгіровтің биыл туғанына 130 жыл толып отыр екен. Бұл туралы «І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма мүшесі – жастар ісі жөніндегі проректор Болат Сериев:


– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әрбір өңіріндегі тұмса табиғатты көздің қарашығындай сақтау керектігін ұдайы айтып келеді. Соған орай бағдарламалық құжаттар дайындап, жүйелі жұмыс жүргізу керектігін тапсырды. Сол арқылы өскелең ұрпақтың бойындағы отаншылдық рухты оятып, патриоттық сезімін ұштау керектігін жеткізді, – деп мәселенің мәнісін түсіндіріп өтті.


Мемлекет басшысы жүктеген міндет қалалар мен ауылдарды, аулалар мен бақшаларды, көшелер мен кіре берістерді өзіміз тазартуымыз керектігін ұғындырады. Сондықтан Жетісу жұртшылығы табиғаттың тазалығын алдыңғы орында ұстайды.