19 қаз, 2016 сағат 17:32

Т.Аяновтың Төлешов берген ақшаны қалай жасырғаны белгілі болды

Бүгін №2 Атырау қалалық сотында Макс Боқаев пен Талғат Аяновтың ісі бойынша басты сот отырысы одан әрі жалғасты. Бүгінгі отырыста оқиғаға қатысы бар куәгерлер – Р.Кибраев пен М.Есілбаевтан Алматы қалалық сотынан онлайн түрде жауап алынды. Сот процесі айыпталушылардың қатысуынсыз өтті.

Бүгінгі отырыста айыпталушылардыңжақын танысы Ринат Кибраев сот сұрақтарына жауап берді. Куәгердің айтуынша, М.Боқаев пен Т.Аянов 24 сәуірдегі митингті ұйымдастырған және 21 мамырда заңсыз шеру өткізудіжоспарлаған, яғни екеуі осы екі митингтің тікелей ұйымдастырушылары болған.Сондай-ақ, олар Қазақстанның бүкіл аумағында толқулар ұйымдастыруды көздеген.Т.Аянов 7 мамыр күні Алматыда өткен митингке де қатысқан.

«М.Боқаев пен Т.Аянов әлеуметтік желідеҚазақстан жерлері Қытайға сатылады деген жалғанақпарат таратқан. Осылайша, халықты дүрліктіріп, жердің сатылуына наразылық білдіріп, митингке шығуға шақырған.ҚР Президенті жер мәселесіне қатысты мораторий жариялағанымен, толқуларды жалғастыра берген және оларды тоқтатпауды көздеген», - деп куәгер айыпталушылардың жоспарымен бөлісті.

Сондай-ақ, Кибраев өз сөзінде 3 мамыр күні Алматыда Аяновпен және тағы бір қоғам белсендісі Марлан Есілбаевпен кездесіп, спирттік ішімдік ішкенін айтты. Әңгіме барысында оған Т.Аянов митингтер өткізуге қомақты қаржының бар екенін және оны оңтүстікқазақстандық азаматтардың бергенін жайып салған. Сондай-ақ, Аянов құқық қорғаушылар оны ұстап алуы мүмкін болғандықтан қаржының бір бөлігін М.Есілбаевқа беріп қойғанын жеткізген.

Ал М.Есілбаев бүгінгі сот отырысында берген жауабында осы ақпаратты растады. Ол Р.Кибраевпен таныс болғанын, ал Аяновпен 2016 жылдың мамырында танысқанын айтты.

«Мен 2016 жылдың мамыр айында Алматы қаласында болып, қаладағы «Қазжол» қонақүйінде тұрдым. 2 мамыр және 3 мамыр күндері мен Кибраевпен және Аяновпен қонақүйде кешкі уақытта кездестім. 3 мамыр күні олар менің бөлмеме келіп, біз спирттік ішімдік іштік, одан кейін саунаға бардық. Саунаға барар алдында Аянов маған қара түсті полимер пакет берді, ішінде бірнеше «пачка» доллар жатты. Ол сомасын нақтылаған жоқ. Аянов маған митингтен кейін оны құқық қорғау органдары қадағалайтынын, сондықтан ақшаны өзінде сақтауға қорқатынын айтты. Осы себептен меннен қаржыны уақытша сақтай тұруды өтінді. Бұл ақшаны мен Аянов ұмытып кеткен «футболкасына» орап, ноутбукке арналған сөмкеге салып қойдым», - деді куәгер.

М.Есілбаевтың айтуынша, Ұлттық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері оны тінту кезінде осы ақша мен «футболканы» тапқан. Куәгер тінту барысындақорыққаннан бұл ақшаны Аянов берген жоқ, бөлмемде ұмытып кеткен дегенін айтты.

«Аянов қаржы жоспарланып отырған ұзақ мерзімді жаппай толқулар кезінде қатысушыларға тамақ пен «палаткалар» алу үшін қажет деді. Сондай-ақ, ол қаржыны оңтүстікқазақстандық азаматтардың бергенін айтты», - деді М.Есілбаев.

Еске сала кетсек,М.Боқаев пен Т.АяновтыңҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айыптар тағылуда. Атап айтсақ, олар: 174 баптың 2 тармағы, яғни, әлеуметтік және ұлттық алауыздық туғызуға бағытталған қасақана іс-әрекеттер жасау, азаматтардың ұлттық намысы мен қадір-қасиетіне тіл тигізу; 274 баптың 4 тармағы, яғни, қоғамдық тәртіпті бұзуға қауіп төндіретін көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату; 400 бап, яғни, заңсыз шерулерді ұйымдастыру, өткізу және оған қатысу.